Джаз және Опера

11.06.2015 1262

_DSC7588

 

«Астана Опера» театрында «Классикадан джазға дейінгі» музыка орындалады. 23 маусымда театрдың Камералық залында тыңдарман назарына «Достардың ортасында» атты концерттер тізбегінен классикалық, джаз және бүгінгі заман музыкасының жаңа көрнекті бағдарламасы ұсынылады. 

Жер бетіндегі үздік гитарашылар қатарына жататын, Еуропаның аса маңызды джаз музыканттарының бірі Джанго Рейнхардтың «Армандарымның сарайы» атты пьесасы кеш бағдарламасының көркіне айналады. Оның жарқыраған көркем суырып салма өнері неше ұрпақтың орындаушыларын шабыттандырды. Мұнымен қатар концерттік «шашуда» орындалатын шығармалар: П. Калвидің «Accarezzame», Э. Хампердинктің «Соңғы вальсі», Г. Манчинидің «Қызғылт бабыры», Д. Гершвин, А. Пьяццолла, Н. Бродский, М. де Понсе және басқалардың туындылары.

- Музыканың бұл стилі жаныма жақын, – дейді «Астана Опера» театрының бас концертмейстері Елена Сахно. – Астаналық тыңдарман жаңашылдықты, жаңа идеяларды, жаңа қырынан ұсынылған өнерді зор қошеметпен қарсы алады, осы тұрғыда біз де дәстүрлі классикалық концерт шеңберінен шығу үшін қызық транскрипциялармен жұмыс жасап, шығармаларға жаңа көзбен қарап, соны музыкалық өңдеулерді қуана жүзеге асырамыз.

Көрермен тамашалайтын ұмытылмас аспапты композицияларды орындайтын дарынды музыкант-аспапшылар: оркестрдің концертмейстерлері, солисттері, бірінші скрипкашылары – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, Айсұлу Бәйкенова; Кирилл Красюков (скрипка), Бақыт Әкебаева (альт), Дилором Тишаева (виолончель), Ермек Сәрсембаев (контрабас), Алексей Косырев (флейта), Рақметәли Бекбабаев (гобой), Александр Малиновский (туба), Любовь Ткаченко (арфа), Мұрат Омаров (соқпалы). Ұлмекен Бектаева мен Шыңғыс Оспанбаев кешке жалынды билерімен сән береді.

Опера және джаз вокалының қоспасымен тыңдарманды ләззатқа бөлейтін «Астана Опера» солисттері: ҚР Еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай (сопрано), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жан Тәпин (тенор), халықаралық конкурстардың лауреатыСалтанат Ахметова (сопрано), Талғат Ғалеев (баритон), Евгений Чайников (баритон).

Қазақстанның белгілі опера әншісі Жаннат Бақтай, «Астана Опера» театрында репертуары XX ғасырдағы шетелдік музыкамен толыққанын айтады. – Мен алдағы концертте американдық композитор Н. Бродскийдің «Be my love» атты шығармасын, Г. Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсындағы Лючия ди Ламмермурдың ариясының соны өңдеудегі жаңа нұсқасын, көпшілік сүйіп тыңдайтын қазақтың «Бір бидай арпа» және «Жайдарман» халық әндерін бүгінгі күннің белгілі композиторы Әліби Әбдінұровтың жаңа, менің жеке репертуарыма арнайы жасалған, бірегей джазға салынған өңдеуін орындаймын, – деп атап өтті жетекші солист.

Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың дипломанты, Мәдениет қайраткері Елена Сахно.

Концертті жүргізуші – музыкатанушы, Мәдениет қайраткері Маржан Жәкенова.

Концерт 19:00 басталады, билет бағасы 1 500 теңге.

 

по материалам: astanaopera.kz

partial()->view->headLink()->appendStylesheet('/css/social-likes.css') ?> headScript()->appendFile('/js/social-likes.min.js') ?>