Тұңғыш Президент Музейі Қазақстандағы поляк дипломаттары туралы баяндайды

12.06.2015 16:02 1607

  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2015 жылы 15 маусымда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының елшілігімен бірлесе ұйымдастырылған «Қазақстандағы поляк дипломаттары. 1941-1943 жж.» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, сонымен қатар «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының аясында құрылған деректі көрменің ашылуы өткізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 1997 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында сөйлеген сөзінде: «Тоталитаризм күйретпеген және, өкінішке орай, орны толмайтын зардаптарға ұшыратпаған бірде-бір ұлт, бірде-бір халық жоқ", — деп атап өткен болатын. Осы контексте Қазақстанға халықтардың депортациялану тарихын зерттеу өзекті.

Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақ КСР-нің аумағында КСРО-дағы Польша елшілігінің Делегатурасы құрылады. Бұл аймақта делегатураларды құру қажеттілігі қалыптасып жатқан поляк дивизияларын Қазақстан мен Орта Азияға көшіру туралы шешімнің қабылдануына және олардың санының артуына байланысты туындайды. Делегатуралар еліміздің аумағындағы өзіндік алғашқы поляк дипломатиялық өкілдіктері болды. Өкілдіктер қызметінің маңыздылығы 1941 жылдың жазы мен күзінде Қазақстан аумағына түрлі жағдайларға байланысты келген поляктар санының көбеюімен де өзектіленді.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазіргі Қазақстан аумағындағы поляк өкілдік-делегатурасының қызметі мен тарихи тағдырларын зерделеудің өзекті мәселелерін талқылау ұсынылады.

Конференция жұмысы мен көрменің ашылу салтанатына шетелдік зерттеушілер — тарих ғылымдарының докторы, Краковтағы Халық ағарту комиссиясы атындағы Педагогикалық университеттің оқытушысы Хуберт Худзио, Варшавадағы Ұлттық Зерде институтының тарихшысы Славомир Калбарчик, сонымен қатар отандық ғалымдар — Легкий Д. М., Степаненко Н. В., Ғұбайдуллина М. Ш., Күлбаева А. Т., Исова Л. Т., Мамытова С. Н., мұрағат және музей қауымдастығының өкілдері қатысады.

Көрме материалдары Краковтағы Педагогикалық университеттің Депортация және қоныс аудару құжаттамасы орталығының, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Легкийдің, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Надежда Степаненконың ғылыми ізденістерінің нәтижесі болып табылады.

Бірегей құжаттық кешен Қазақстан мен Польша тарихындағы көптеген «ақтаңдақтарға» сәуле түсіреді және тарихшылар мен көпшілік қауымның қызығушылығын туғызады. Бұл дипломатиялық өкілдіктер жұмыстарының негізгі бағыттары мен тарихи фон қазақстандық мұрағаттардан алынған, ғылыми айналымға алғаш рет енгізілген түпнұсқа құжаттардың негізінде қайта жаңғыртылады.

по материалам: mks.gov.kz