Көркемдік кеңестер отандық мәдениетті алға жылжытуы қажет

30.10.2015 09:54 865

 

30 қазан, 2015. Астана. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған көркемдік кеңестердің Музыка, театр, кино, хореография, цирк өнері салалары бойынша кеңейтілген екінші отырысы өтті.

Кеңес отырысында алғашқы отырыстың хаттамалары бойынша орындалған жұмыстар туралы есеп беріліп, ұсыныстар қабылданады және алдағы уақытқа міндеттер белгіленді.

2014 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен мәдениетіміздің дамуының жаңа кезеңдерін қарастыратын Қазақстан Республикасы мәдени саясатының тұжырымдамасы бекітілген. Бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында оның 2015-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары Үкімет қаулысымен бекітілді. Аталған жоспардағы іс-шараларды орындау мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен министрліктің жанынан өнердің әр саласы бойынша он үш көркемдік кеңес құрылды. Атап айтсақ, театр, музыка, хореография, цирк, кино, дизайн, музей, қорық-мұражайлар, әдебиет, кітапхана және кітап шығару, көркемсурет, археология, сәулет жөніндегі көркемдік кеңестер.

Салалық көркемдік кеңестердің алғашқы отырыстары ағымдағы жылдың маусым айында өткен болатын. Есепті кезеңде әрбір көркемдік кеңестің ережесі, құрамы жасақталды. Кеңес мүшелігіне әр саланың жанашырлары, танушылар, сыншылар, ғалымдар енді. Атап айтсақ, елімізге танымал мәдениет және өнер қайраткерлері Айман Мұсақожаева, Жәния Әубәкірова, Пернебек Момынов, Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Есетжан Қосыбаев, Мұрат Ахмадиев, Серік Негімов, Тимур Сүлейменов, Ақмырза Рустамбеков, Бауыржан Байтанаев, Қанат Тұяқбаев, Карл Байпақов, Зейнолла Самашев, Әлібек Асқар, Бейсенбай Жұмабеков, Дархан Қамзабекұлы, Нұрсан Әлімбай және тағы басқалар.

Көркемдік кеңестердің екінші отырысында музыка, театр, кино, хореография, цирк өнері және өнердің басқа да салаларының көкейкесті мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ республикалық теле және радиоарналардың мазмұндық сипаты, республикамыздың театр және хореография ұйымдарының репертуарларының қалыптасу саясаты талқыланды.

Апат айтқанда, «Хабар» телеарнасының продюссері, музыкалық жобалар басшысы Ә. Тұрсынғазықызы мәдениет және өнер саласы өкілдеріне республикалық телеарналар мен радиолар арқылы көрсетілетін музыкалық туындылар, телесериалдар мен ойын-сауық бағдарламалар туралы ақпарат берді. Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдоллаұлы «Республикалық би фестивалі" телевизиялық жобасының дайындық барысы туралы баяндады. «Салтанат» мемлекеттік би ансамбілінің директоры М. Д. Закиров өзінің шығармашылық ұжымының репертуарлық саясатына тоқталып өтті. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры, Жамбыл облысының қазақ драма театры, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Қазақ мемлекеттік циркінің басшылары есеп берді.

Отырыс қатысушыларына мәдениет туралы Заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы мәлімет беріліп, Министрлік басшылығы шығармашылық ұжымдарға Заңды дайындауға белсенді талқылауға ат салысқандары үшін алғысын білдірді.

«Бүгін қоғам бізден ауқымды жұмыстар күтуде, ал біз көркемдік кеңестерден отандық мәдениетті әлемдік қоғамдастыққа таныту бойынша тиімді жұмыс күтеміз» — деп қорытындылады өз сөзін вице-министр.

Сондай-ақ, осы күні министр орынбасары Ғ. Ахмедьяров еліміздің шығармашылық одақ басшылары және өкілдерімен кездесті. Кездесуге он екі одақтың өкілдері қатысты, оның ішінде соңғы жылдары құрылған айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің, қолөнершілер және эстрада әртістері одағының өкілдері бар.

по материалам: mks.gov.kz