Алматыда Нұрғиса Тілендиев жайлы «Құстар әні» көркем фильмі түсіріліп жатыр

03.11.2015 10:03 790

 

 

3 қараша, 2015. Алматыда қазақтың ұлы композиторы, атақты дирижер, шебер домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған көп сериялық көркем фильм түсіріліп жатыр.

«Көрермен кемеңгер музыкантты бұл фильмде әр қырынан танитын болады. Нұрғиса Тілендіұлы алдына қойған мақсаттарына жете білетін, қатал мінезді, қызу қанды, қам көңіл әрі өте сезімтал жан болған. Бұл фильмде Нұрғиса ағамыздың өмірі, қызығы мен шыжығы мол тағдыры, алдына қойған биік мақсаттарына қол жеткізу жолында көрген қиындықтары шынайы түрде баяндалады», — дейді фильмнің авторлары.

Фильмнің қоюшы режиссері - Рәшид Сүлейменов. Басты рөлдерді Ергенбай Әбуов, Гүлназ Жоланова, Санжар Мәдиев, Бақытжан Әлпейісов, Михаил Токарев, Сағызбай Қарабалин, Махаббат Сарқытбаева, Яна Бобрыка сынды әртістер сомдайды.

«Бұл фильмге түсіріліп жатқан кездің өзінде жұртшылық назары ерекше ауып жатыр. Ал кастинг жарияланған кезде тіпті түнгі сағат бірге дейін телефонға тыным болмады. Көп адам түскісі келді. Мұнда кейіпкерлер қазақ тілінде де орыс тілінде де сөйлей береді. Сондықтан да ол қазақ тілді көрермендерге де орыс тілді көрермендерге де түсінікті", — деді өз кезегінде «Көркем фильм» кино компаниясының PR-директор Сәкен Белгібаев.

Сонымен қатар, ол басты рөлді сомдауға үміткерлер өте көп болғандығын айтты. Бірақ олардың есімдері әзірге құпия сақталуда.

Түсірілім бұдан үш апта бұрын басталды. Қазір түсіру жұмыстары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында жалғасуда. Күні бүгінге дейін туындының жартысынан көбісі түсіріліп қойыпты.

Фильмді «Хабар» агенттігінің тапсырысымен «Көркем фильм» кинокомпаниясы түсіріп жатыр. Оған қажетті ақпараттар соңғы бес ай бойы жинақталған. Оның үстіне сценарий композитордың жанұясымен, туыстарымен келісілген.

Енді көрермендер әр сериясы 52 минуттан тұратын «Құстар әні" көркем фильмін биылғы жылдың соңына таман көгілдір экраннан тамашалай алады.

по материалам: mks.gov.kz