Қазақстан Ұлттық музейі Алғыс айту күнін кеңінен атап өтті

02.03.2016 09:53 476

 

2 наурыз, 2016. Астана. Кеше ҚР Ұлттық музейінде Алғыс айту күніне орай «Музей кітапханасына кітап сыйла» акциясы мен «Бір шаңырақ астында» атты Қазақстан халқы фестивалі өтті.

Аталған іс-шаралардың ашылуында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Жәкен Таймағамбетовбүгінгі айтулы күннің ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар, қилы кезеңдерде Қазақстанға қоныс аударғанкөптеген ұлттардыңбүгінгі берекелі өмірін тілге тиек етті.

«Наурыз айының алғашқы күнін мерекемен қарсы алып жатырмыз. Осының бәрі ынтымақ пен бірлігіміздің себебінен келіп шығып отыр. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблясының 20 жылдығын атап өттік. Алғыс айту күні соның жалғасы деп айтсақ болады. Кешегі қилы кезеңдерде қазақ даласының дарқандылығын талай ұлттар көрді. Бүгін ол жылдар артта қалды. Оның бәрі әрбіріміздің есімізде, жадымызда. Ұйымдастырылып отырған осынау жиынҰлттық музейдің бүгінгі мерекеге тарту еткен сыйы деп қабыл алыңыздар», - деді Ж.Таймағамбетов.

Халықаралық Түркі академиясының ғалым-хатшысы Амантай Шәріп Қазақстанның бүгінгі тұрақтылығы мен қауіпсіздігі туралы айтты. 

«Береке-бірлік орнаған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Күніміз күліп шығады. Түніміз тыныш. Бастысы біздің жас ұрпақ алаңсыз өсіп келеді. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Тұрақтылығымыз тұғырлы болсын дегім келеді. Осынау алғыс айту мерекесіне орай Ұлттық музейдің Ғылыми кітапханасына әр түрлі саланы қамтыған 50-ге жуық кітапты сыйлап отырмыз. Бұл үрдісті ары қарай да жалғастыра береміз деп айтқым келеді», - деді А. Шәріп

Аталмыш акция барысында Тұңғыш Президент – Елбасының кітапханасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы туралы және оның еңбектерінің 36 баға жетпес жауһарын ұсынса, ҚР Сыртқы істер министрлігі 217 кітапты сыйға тартты.

Сонымен қатар, Ұлттық музейге кітап сыйлаған зиялы қауым қатарында ҚР мәдениет қайраткері, жазушы Сұлтан Оразалин, ҚР Қорқыт ата атындағы Ғылыми зерттеу институты директоры Мырзатай Жолдасбеков, суретші Ақтоты Смағұлова, археолог Айбар Қасеналин бар.

«Бір шаңырақ астында» фестивалі аясында Астана қаласының мектептері мен өнер мектептері оқушыларының ұсынған мерекелік концертісалтанатты жиынның көркінқыздырып, ажарын аша түсті.

по материалам: mks.gov.kz