Қазақ сахнасына көптеген жас дарындарды алып шыққан, тәуелсіздік алған тұста алғаш пайда болған сатира театрларының бірі «Бауыржан-шоу» өз жұмысын тоқтатты. Ол туралы белгілі актер Бауыржан Ибрагимов «Халық сөзі» газетіне берген сұхбатында: «Бауыржан-шоу» маманданған туындылар ұсынып, еңбегін сіңірді. Сахнаның өзі кім көрінген кіріп-шығатын мекенге айналған соң, театр жұмысын тоқтатты. Биікті бағындырған деңгейінде қалды. Шетелге еліктейміз деп ұлттық нақышымызды жоғалтып, «Комеди клаб» секілді анайы дүниелер қаптап кеткендіктен, барлығын жүгендеп отыру үшін басымызды қосып, ойласуды дұрыс көріп отырмын», - деген.
Қазіргі уақытта сатира әртісінің бастамасымен «Қазақстан эстрада артистерінің одағы» құрылғалы жатыр екен. Бұл одақты құруды Бауыржан Ибрагимов бастаған өнер иелері осыдан 4-5 жыл бұрын жоспарлаған. Өзбекстан, Қырғызстаннан келген сықақшылар бірлесіп, қауымдастық құрамыз деп меморандумға қол қойғанымен, бұл іс аяқсыз қалады. Енді белгілі сатира әртісі осы ойын жүзеге асыруды қолға алған.
Естеріңізге сала кетейік, «Бауыр-шоу» театры – 1992 жылы ашылған қазақтың тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы әзіл-сықақ театрларының бірі.