Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Жылқының бас сүйегі
Жануарлардың, нақтырақ айтқанда жылқы мен иттің бас сүйектері көптеген көшпелі халықтарда кейбір ғұрыптық әрекеттердің белсенді қатысушысы әрі құрмет нысаны болып саналған. Мысалы, моңғолдарда ерекше қадірлеудің белгісі ретінде сүйікті аттың, жақсы тұқым беретін айғырдың, жүйрік бәйге атының бас сүйегін обаға қояды. Бұл кезде бас сүйектің көз және құлақ қуыстарын құрғақ шөппен, печеньемен, кәмпитпен, арғалмен, ұсақ тастармен бітеп, оны туған жерге қаратып орналастырады [17, 61-б.].
Қазақтарда жылқының бас сүйегін қолдану мынадай жағдайларда кездескен: оны адамдар мен мал басып кетпесін деп биік жерге — сарай шатырына, жартас төбесіне, ағаш бұтағына қойған. Сондай-ақ бас сүйекті мазардың маңдайшасына қойған, қазыққа кигізіп, егістіктің күзетшісі ретінде орнатқан. Атақты жүйріктердің — бәйге жеңімпаздарының, батырлардың мінген аттарының бас сүйектерін киізге тігіп, шиге орап («аттың басын кебіндеу»), биік таулардың шыңдарына, жеке тұрған қыраттарға апарып қойған [20].
Жылқының бас сүйегі бақсылардың тәжірибесінде де қолданылған. Оның көмегімен ақыл-есі бұзылған және басқа да дертке шалдыққан адамдарды емдеген. Этнографиялық әдебиетте бас сүйек пен ғұрыптық қуыршақтардың көмегімен науқастарды емдеу туралы мәліметтер кездеседі. Мұнда бас сүйек жылқының, ал қуыршақ қыздың бейнесі ретінде қарастырылады. Қазақтардың түсінігінде бұл қосарланған бейне «ұшып жүретін» жын-шайтандардың бас сүйекке қонуына, яғни аурудың бас сүйекке көшірілуіне ықпал еткен. Осындай ғұрыптық бұйым Ресей этнографиялық музейінде (РЭМ) сақтаулы. Қазақтардың бақсылық емшілік тәжірибесінде қуыршақтармен бірге иттің бас сүйегін қолдану да кездескен. Құрғақ иттің бас сүйегін бақсы түрлі түске бояп, кейін әрбір киіз үйден тақ санмен шүберек қуыршақ жинаған. Арнайы әрекеттер арқылы ауруды соған да «көшірген».
Балқарлар мен қарашайларға қатысты этнографиялық материалдар жылқы бас сүйегінің магиялық қасиеттеріне деген сенімді көрсетеді. Егер құрғақшылық болса, жіпке байланған аттың бас сүйегін өзенге түсіру керек деп есептелген, содан кейін көп ұзамай нөсер жаңбыр басталып, бас сүйек судан шығарылғанға дейін тоқтамай жауады деп сенген [6, 42-б.]. Бұл ғұрып еліктеу магиясының бір түрі ретінде сипатталады. Жылқының бас сүйегіне жылқының әлемдер арасындағы дәнекер, қорғаушы-оберег (малдың не жолаушының сақтаушысы) ретіндегі түсінігі телінеді, бұл магиялық ғұрыптар мен емшілік тәжірибеден көрініс табады.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.