Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Бет жырту
Ым-ишара тілінде беттің сакралдылығы жерлеу рәсіміне тән бет жырту ишарасы арқылы айқындалады, сөзбе-сөз мағынасы — бетті тырнау.
Ертеде мұндай ишараны әйелдер жоқтау — аза тұтуға байланысты ғұрыптық өлеңді орындау кезінде жасаған. Бұл дәстүр басқа да түркі халықтарында болған, олардың кейбірі оны еске алу ғұрпының өзге де маңызды күндерінде, атап айтқанда жетісі мен қырқында қолданған. Осындай ишара қырғыздарда да кездескен. Н. Я. Бичуриннің жазуынша, түркілерде мынадай әдет болған: марқұмның денесін киіз үйге орналастырады. Ұлдары, немерелері және әйел-еркек туыстары жылқы мен қой сойып, оларды киіз үйдің алдына жайып қойып, құрбандық шалады, содан кейін киіз үйді салт атпен жеті рет айналып шығады. Одан соң киіз үйдің кіреберісінде пышақпен өз беттерін тіліп, жоқтау айтады: қан мен көз жасы қатар төгіледі [2, 230-б.].
Жерлеу ғұрпында бетті қан шыққанша тырнау ишарасы, тарихшылардың мәліметінше, Орталық Азияның көшпелі де, отырықшы да халықтарында жесір әйелдер мен жақын туыстар тарапынан жасалған. Бұл ишара туралы алғашқы мәлімет Орхон жазба ескерткіштерінде кездеседі деп есептеледі. Осы ишараны оны қолданушылар қайғының, сағыныштың және марқұмға деген сүйіспеншіліктің терең белгісі ретінде түсінген. Бет жырту күйеуінің немесе ең жақын туыстарының артынан өз еркімен кетудің символикалық баламасы ретінде де қарастырылуы мүмкін.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.