Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Кәрі жілік

Қазақтар қойдың кәрі жілігін ерекше қастерлеген. Бұл сүйек қорғаныштық қызметімен жоғары семиотикалық мәртебеге ие болған. Дәстүрлі түсінік бойынша, кәрі жілік отбасының берекесін, мал-жанын, дәулеті мен ырысын қорғайтын киелі нышан ретінде қабылданған [13, 116-б.]. Қырғыздар да бұл сүйекті қасиетті санап, оны үйде сақтаған немесе есіктің маңдайшасына іліп қойған. С.М. Абрамзонның далалық зерттеулері бойынша, кәрі жілік қырғыз ұғымында жылқы табыны мен малдың қорғаушысы ретінде танылған. Сонымен қатар, ол жолға шыққан ер адамды да бәле-жаладан сақтайды деп сенілген. Қазақтарда да, ғалымдардың дерегіне сүйенсек, кәрі жілік жаңа салынған ұстаханаға тұмар ретінде ілінген, бұл оның ер-азаматқа тән қорғаныштық сипатын айқындай түседі. Сондай-ақ бұл сүйек итке тасталмаған.

Кәрі жілікті мал мен табынның сақтаушысы деп тану түсінігі буряттар мен моңғолдар арасында да кең тараған. Олардың сенімі бойынша, бұл сүйек жылқы мен ер-тұрманның қамқоршысы саналып, табынды қасқыр шабуылынан, малды індет пен шығыннан қорғайды деп есептелген. Сол себепті оны киіз үйдің есігінің екі жағына байлаған. Егер кәрі жілік жылқышының үйінде тұрса, ол жалғыз отырса да өзін қауіпсіз сезінген, өйткені бұл сүйектен қасқыр да, ұры да сескенеді деген түсінік болған [16, 100-б.]. Жалпы, Еуразия көшпелілерінің дүниетанымында қойдың кәрі жілігі айқын ерлік символикасымен ерекшеленіп, қорғаушы, сақтаушы, құтқарушы сияқты ер-азаматқа тән қызметтерді білдірген.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.