Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Үкі қауырсыны
Тірі үкінің қауырсынынан жиналған шоқты қазақтар үкі деп атаған және оны аса қуатты тұмар-оберег ретінде қабылдаған. Үкіні бесікке ілген, домбыраға таққан, тақияға қадаған, бәйге алдында аттың жалына не құйрығына байлаған. Үкі тағылған бас киімді тек қыздар мен қалыңдықтар ғана емес, сонымен бірге сакралды орта өкілдері – бақсылар, сал-серілер, ақындар да киген. Қазақтың үйлену салтында «үкі тағу» деген рәсім болған: күйеу жігіттің туыстары қалыңдықтың сәукелесіне үкі тағып, содан кейін қыз айттырылды деп есептелген. Бұл рәсім мағынасы жағынан «сырға тағуға» ұқсас.
Этнографтардың пікірінше, бұл тұмар туралы халықтық түсінік үкінің тіршілік ерекшелігімен байланысты. Үкі түнде ұйықтамайтын құс болғандықтан, жын-шайтан мен жаман күштер белсенді болады деп саналатын түнгі уақытта оның қауырсыны иесін немесе тағылған затын қорғайды деп сенген. Үкіні қастерлеу әлемнің көптеген мәдениеттерінде кездеседі: ол көбіне көріпкелдікпен, тылсым күшпен, даналықпен байланыстырылған. Мысалы, ежелгі грек құдайы Афинаның киелі серігі де үкі болған.
Үкі қауырсыны әртүрлі қырынан көрінеді: бір жағынан, ол – қорғаныштық мәні бар тұмар, екінші жағынан, иесінің әлеуметтік не сакралды мәртебесін білдіретін белгі. Ол баланы, қызды, қалыңдықты, сондай-ақ бақсы, ақын секілді киелі әлем өкілдерін айқындайтын нышан қызметін атқарған.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.