Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Ауыз тию

1 сурет.

Қазақтың гастрономиялық әдебінің бір көрінісі — «ауыз тию» дәстүрі. Бұл дәстүр негізінен екі жағдайда орындалады: біріншіден, алыс жолға шығар алдында ең сыйлы ақсақалдың үйіне кіріп, оның батасын алып, дәм тату қалыптасқан; екіншіден, қандай да бір шаруамен кез келген үйге кірген адам міндетті түрде ұсынылған астан ауыз тиіп шығуы керек, ал егер үй иелері сол сәтте дастарқан басында отырса, келген кісі де сол асқа қосылуға тиіс. Мұндай ұсыныстан бас тарту үй иелеріне ауыр тиюі немесе күлкіге қалдыруы мүмкін. Ондайда, әдетте, «сақ бол, сені қалыңдығың не жарың тастап кетеді» деген әзіл-ескертпе айтылады. Қалай болғанда да, үйге келген адамды дәм татқызбай шығарып салмаған.

Д.М. Маддахидың пікірінше, жалпы мұсылман халықтарында өзгені тамақпен сыйлау және ұсынылған дәмнен ауыз тию достықтың, сүйіспеншіліктің әрі өзара қауіпсіздіктің белгісі болып саналады. Олар біреудің нан-тұзынан дәм татқан адам оған жамандық жасауға қақысы жоқ деп түсінген. Ортақ дәмнен ауыз тию адамдардың арасында ынтымақ пен сүйіспеншілік сезімін туғызады, сол арқылы олар қонақжайлықтың көзге көрінбейтін байланысымен бірігеді, ал бұл байланысты бұзу халықтың әдет-ғұрпы мен наным-сеніміне қайшы келеді [7, 2-б.].

Демек, бұл дәстүр қазақтардың қонақжайлығын ғана білдірмейді. Оның мәні әлдеқайда тереңде жатыр және тәңіршілдік дүниетанымымен, көне түркілердің бір тостағаннан сусын ішіп, бір табақтан ас жеу арқылы бірлік пен бауырластықты білдіретін ежелгі салттарымен сабақтасып жатыр.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.