Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Сарқыт

1 сурет.

Қазақтардағы астың, тағамның сакралдануы «сарқыт» дәстүрінен көрінеді. Бұл — қонақтардың дастарқаннан ас-ауқат жинап алуы, яғни, мәні жағынан, астан қалған дәмді алып кетуі. Салтанатты жағдайларда бұл «жұғысты болсын» деген мағынаны білдіреді, яғни көне жұғыстыру магиясының сарқыншағы ретінде танылады. Осындай түрде табыспен, қуанышпен, той-думанмен байланыс орнату сол игілікті өзіне, өз отбасына көшіру ниетімен сабақтасады. Халық арасында балалар атақты батырлардың, ақындардың, балуандардың немесе табысты адамдардың дәмін жесе, кейін сол кісілерге тән жақсы қасиеттер мен дарын-қабілет қонады деген түсінік те болған.

Ал жерлеу-еске алу ғұрыптарындағы сарқыт «тие берсін» деген ұғыммен астасады. Мұндай дастарқаннан неғұрлым көп адам дәм татса, соғұрлым марқұмға жақсы болады деп есептелген. Сонымен қатар, астан кейін тағамды жинап тарату «ысырап қылмау», яғни қасиеттелген астың рәсуа болып кетуіне жол бермеу деген түсінікпен де байланыстырылған.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.