Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

«Құсмұрын»/«Құсқанат»/«Құсмойын»/«Құстаңдай»/«Қазмойын»

Қазақтың ою-өрнек өнерінде «құс» тақырыбы ерекше орын алады: «құсмұрын», «құсқанат», «құсмойын» және т.б. Құс әлем халықтарының көпшілігі үшін аспан мекендеушісі, Жоғарғы әлемнің өкілі болып саналады. Түркі мифопоэтикасында құс еркіндіктің, бақыттың нышаны әрі ізгі күштердің бейнесі ретінде қабылданады. Бұл қатарда су құстары — аққу, үйрек және т.б., саятшылық құстар — бүркіт, қыран және т.б., сондай-ақ сайрауық құстар — бозторғай, бұлбұл секілді бейнелер айрықша мәнге ие. Ерекше орын алатын мифтік бейне — самұрық құс. Ол жаратушы күштің, дүниенің жаңаша түзілуінің, Ғалам ағашымен сабақтасқан құстың, құс-демиург туралы көне космогониялық түсініктің көрінісі болып табылады. Самұрық бейнесі көне иран және көне түркі мифопоэтикасында кең таралған.

Көбінесе құстар әйелдік бастауымен байланыстырылып, ғарыштық рухты білдіреді және жиі демиург қызметін атқарады. Құс түріндегі жан туралы түсінік Мысыр, Қосөзен, Грекия, Қытай, Сібір, Оңтүстік Америка және өзге де мәдениеттерге тән. Қазақ фольклорында да жан-құс туралы ұғымдар мол сақталған, әсіресе олар ақындар мен әншілерге қатысты жиі көрініс табады. Сонымен бірге құстардың арғы тек, ру мен тайпаның тотемі ретіндегі түсініктері де кең таралған. Құстардың әдет-ғұрыптар мен салт-жоралардағы рөлі де айрықша маңызды.

Қазақ мәдениетінде бұл өрнектер мен олардың туынды нұсқалары қуатты тұмар саналады. Дәстүрлі мәдениетте «құсмұрын» деп аталатын жүзікті қыздар ғана таққан, ал үкінің қауырсындары қыздардың, балалардың, сал-серілердің бас киімдеріне тағылып, домбыраға, бесікке және тағы басқа заттарға ілінетін тұмар қызметін атқарған. Бұл олардың жоғары мәртебесін айқындайды.

«Құстаңдай» өрнегі тек шешендер, билер мен ақындардың киімін әшекейлеуге қолданылған. Бұл олардың үнінің зор, дауысының әсерлі екенін білдірген.

Түркі мәдениетінде қаз бен аққу жиі қатар қарастырылып, адалдықтың, беріктіктің және махаббаттың нышаны саналған. «Қаз мойын» өрнегі көлденең орналасқан S тәрізді пішін түрінде беріледі және көбіне қалыңдық жасауына арналған сандықтарды безендіруге қолданылған. Аққу, жалпы су құстары сияқты, түркі мифологиясында бір мезгілде Жоғарғы және Төменгі әлемдерге қатысты деп есептелген. Көптеген мифтерде көне түркілік Ұмай ана аққу-қыз бейнесінде көрінеді. Аққу шаман-бақсының да, сал-серінің де тотемі болуы мүмкін.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.