Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
«Ит құйрық»
Ит культі әлемнің көптеген мәдениеттерінде кездеседі. Ит — қазақ мәдениетіндегі сакралды жануарлардың бірі және қазақ көшпелісінің жеті қазынасының құрамына кіреді.
Еуразиялық кеңістікте ежелден иттің екі қырлы бейнесі қалыптасқан: бір жағынан ол — арғы ата, түпбастау иесі, екінші жағынан — өлгендердің жанын өзге дүниеге бастап баратын делдал, жол көрсетуші, әсіресе балаларға қатысты. Бұл жануарға қатысты бірнеше семантикалық мағына айқындалады: рухтың бейнесі, демиург, қызметші әрі күзетші, жан-иесі ретіндегі ит және т.б. Қазақтардың мифопоэтикалық дүниетанымында ит Жоғарғы соттағы куәгер әрі қорғаушы ретінде қабылданады, сондықтан оған әдет-ғұрыптар мен салт-жораларда ерекше орын берілген. Иттің тірілер мен өлілер әлемі арасындағы делдалдық қызметі босану салттарынан да көрінеді. Қазақтарда сәбидің ең алғашқы көйлегі «иткөйлек» деп аталады. Бұл атау иттің көне, кейін ұмытылған культімен байланысты, өйткені нәресте қырық күнге дейін «арғы дүниеге тиесілі» деп есептелген.
Ит бейнесі «ит ырылдатар» деп аталатын көне ғұрыпта да көрініс табады. Бұл — баласы жоқ әйелдің итті тамақтандыруына байланысты салт. Ертеректе иттің үрген дауысына қарап бал ашу да кең таралған.
Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі ит культі архаикалық кезеңнен бастап күрделі өзгерістерді бастан өткерген. Ол әртүрлі генеалогиялық мифтерден, жекелеген мотивтер мен түсініктерден, сондай-ақ өзіндік ғұрыптар мен рәсімдер тізбегінен аңғарылады.
«Итқұйрық» өрнегі қоюланған S тәрізді пішін түрінде немесе ілмекке ұқсас геометриялық бейне түрінде беріледі. Оның дәстүрлі қазақ бұйымдарын безендіруде қолданылуы итке қатысты символикалық ұғымдармен сабақтас. Бұл өрнек жақындықты, сенімділікті білдіреді деген де пікір бар. Мысалы, мұндай өрнек ер-тұрманға салынған.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.