Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

«Өрмекші»/«Алақұрт»

Ежелгі өрнектердің бірі өрмекші бейнесімен байланысты. Бұл, сірә, тоқу үдерісінің дүниені, матаны, тұтас бір өрісті жарататын сакралды әрекет ретіндегі ұғымымен сабақтас. Өрмекші дәстүрлі мәдениеттердің басым көпшілігінде жасампаздықтың, шығармашылықтың және еңбекқорлықтың нышаны болып саналады. Бұл қатарда өрмек те ерекше мәнге ие, өйткені ол ғаламның құрылымын, тағдырды білдірген.

Хопи үндістерінің аса маңызды мифтерінде Өрмекші әйел туралы айтылады. Аңыз бойынша, осы дүниені оның үні жаратқан, ал сол үннің өзі дүниенің жойылуына да себеп болады. Ол өрмек тоқып, барлық тіршілік иелерін бір-бірімен байланыстырады және оларға ортақ тағдыр береді. Ежелгі Мысыр мифологиясында құдайлар әлемінде ерекше орын алған солтүстік құдайы Нейт өрмекшімен теңестірілген. Ежелгі римдіктер өрмекшіні бақ пен берекенің тұмары ретінде қастерлеген.

Сондықтан әлемдік мәдениетте дүниені тоқып жатқан өрмекшіні бейнелейтін кесте өрнектері кең таралған.

Қазақ мәдениетінде өрмекші — тоқымашылық пен қолөнердің нышаны. Ол түксіз кілем бұйымдарының орталық алаңында немесе жолақтарында бейнеленеді. Қазақ өрнегіне ұқсас өрмекші бейнесіндегі ою фин-угор халықтарында да бар. Мысалы, удмурттардың «чонари пужы» — «өрмекші өрнегі» деп аталатын оюы белгілі. Өрмекші тақырыбы моңғолдар мен қалмақтардың шығармашылығында да көрініс тапқан, оларда «өрмекші ізі» аталатын өрнек кездеседі. Графикалық тұрғыдан бұл өрнек ретсіз орналасқан сызықтар шоғырына ұқсайды және зергерлік өнерде қолданылған. Қазақтар мен басқа да халықтарда жіпке салбырап түсіп келе жатқан өрмекшіні өлтіруге әлі күнге дейін тыйым салынған.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.