Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Етек және киім өңірлері

Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде етек пен киім өңірлері сакралды мәртебеге ие болған және олар кейбір әдет-ғұрыптар мен рәсімдердің белсенді құрамдас бөлігі саналған. Мысалы, перзент сүймеген әйел итті көйлегінің етегіне салып тамақтандырған; ұзақ уақыт жүкті болмаған әйелдің көйлегінің етегінің бір бөлігі әдейі көмкерілмей қалдырылған; баланың бетін көйлектің етегімен сүрту арқылы тіл-көзді қайтарған.

Қазақтың халықтық түсінігінде етек Төменгі әлеммен байланыстырылады. Сондықтан кіндік шеше нәрестені дәл сол етекке қабылдап алып, оны осы дүниеге шақыратын және бата тілейтін сөздер айтқан. Өйткені нәресте қырық күнге дейін арғы дүниеге тән жаратылыс иесі деп есептелген.

Қыз көйлегінің етегін кестемен әшекейлеу әлемнің көптеген мәдениеттерінде кең таралған құбылыс. Дәстүрлі қоғамда жаман рухтар киімнің ашық жерлерінен, әсіресе етек тұсынан өтіп, қызға зиян келтіруі мүмкін деп сенген. Әдетте етегі кестеленген көйлекті әйелдер тұңғыш баласы туғанға дейін киген. Көйлек етегін безендірудің мәні осал, қорғанышты қажет ететін тұсты сақтауға бағытталған.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.