Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Алтын
Алтынның әлемдік мәдениеттегі символикасы көпқырлы: христиандықта ол жұмақ нұры мен қасиетті әлемнің белгісі болса, грек және рим мифологиясында «алтын ғасыр» ең жақсы, ең бақытты кезеңді білдіреді. Ежелден адамдар алтынды Күннің өзінен жаралған, яғни солярлық металл, ауа стихиясымен және ер бастауымен байланысты деп түсінген.
Сақ дәуірінде алтын Күннің сакралды патшалығы идеясын көркем түрде білдіретін басты нышанға айналды, өйткені көне түсінік бойынша Күннің өзі — Патша. Бұған Қазақстан аумағынан табылған сақтардың аң стиліндегі көптеген археологиялық жәдігерлер дәлел бола алады: Есік, Берел, Талды және басқа да қорымдардан табылған көсемдер жерлеулеріндегі бұйымдар соны айғақтайды. Ежелгі көшпелілер алтынмен тікелей байланысқа түсу, яғни киімдегі алтын әшекейлер арқылы, адамды Күннің қуатына — құдайлық күшке және мәңгілікке жақындатады деп сенген. Әлемнің үшқабатты құрылымында алтын Жоғарғы әлемнің белгісі болса, көлденең жүйеде шығыс пен күннің шығуын білдірген.
Алтын таза, рухани қуатты бейнелеген. Сондықтан маңызды заттар мен рәміздер не тұтас алтыннан жасалуы, не болмаса кемінде алтынмен әшекейленуі тиіс болған. Сақтардың аң стиліндегі алтын тек қымбат материал ғана емес, үндіирандық және үндіеуропалық мәдени дәстүрлерге тән философиялық-эстетикалық ұстанымдарды да білдірген. Киелі металл ретінде алтын мифологиялық сананың заттық көрінісіне айналып, онда мәңгілік идеясы негізгі ұғымдардың бірі болған. Кейін бұл түсінік түркі дәстүрінде де кең көрініс тапты. Түркі мифопоэтикасында «алтын» ұғымы, өзге металдар сияқты, ғарыштық аймақтарды және олардың иелерін жіктейтін әмбебап белгі қызметін атқарған, ең алдымен Күн нышанымен байланыстырылған. Сондықтан алтын жоғары әлеуметтік мәртебені, билікті, байлықты білдіріп, Шыңғыс әулеті өкілдерінің киіміндегі айрықша белгіге айналған. Алтын Орда дәуірінен бастап хандар, сұлтандар және өзге де ақсүйектер ерекше мерекелерде алтын жіппен зерленген киім киген. Мамандардың пікірінше, Алтын Орда кезеңіндегі кең мәдени байланыстар XIII–XIV ғасырларда Жошы ұлысы аумағында алтын жіппен кестелеу өнерінің дамуына ықпал етіп, кейін ол қазақ ақсүйектерінің өзіндік айрықша белгісіне айналған.
Қазақтарда алтынға деген құрмет бүгінге дейін сақталған. Бұл әсіресе балаға ат қою дәстүрінен айқын көрінеді: Алтын, Алтыншаш, Алтынай, Алтынгүл, Алтынбек, Алтынхан және т.б. Сонымен қатар алтын ұзақ уақыт бойы үйлену салттарындағы сый-сияпат алмасу дәстүрінің ең құнды затының бірі болып келді.
Алтынның сакралды сипаты тұрақты сөз тіркестерінде де сақталған: «сабырдың түбі — сары алтын», «алтын ұя», «алтын орда», «алтын сөз» және т.б.
Бір қызығы, қазақтың «зергер» сөзі парсының «зер-зар» деген сөзінен шыққан, оның мағынасы — «алтын».
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.