Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Дыбыс

Дәстүрлі мәдениетте ерекше түрде берілген дыбыс көрінетін және көрінбейтін әлемді, яғни материалдық және рухани дүниені жалғаудың тәсілі ретінде ұғынылады. Демек, дыбыс әрқашан белгілі бір «хабарды» білдіреді. Мысалы, славяндарда көкектің шақыруы «арғы» дүниеден жеткен хабар деп түсінілген, иттің ұзақ ұлуы пәленің белгісі саналған. Ал түркі халықтарында музыкалық аспаптан шығатын қатты дыбыс белгі, ұран, шақыру, яғни әрекетке, жиналуға үндейтін үн ретінде қабылданған.

Ғұрып құрамына енген дыбыстардың әрқайсысы нақты бір магиялық мақсатқа ие болған. Мысалы, қазақ бақсыларының зікір салуында қобыз үнінен бөлек әртүрлі дыбыстар қолданылған. Солардың бірі — асатаяққа ілінген металл салпыншақтардың сыңғыры. Бұл тұтас бір дыбыстық өріс тудырып, күрделі үн шығарады. Мұндай дыбыс тазарту, рух-көмекшілерді шақыру және кері қайтару, емдеу сияқты мақсаттарда пайдаланылған. Осыған ұқсас мағына дабылдың, өзге де аспаптардың немесе дауыстың, соның ішінде жануарлар мен құстардың үнін салудың бойынан да көрінеді. Яғни шамандық тәжірибеде дыбыс — рухтар әлемімен тілдесудің бір түрі.

Қазақтардың кейбір ғұрыптарында да дыбыстың осындай мәні сақталған. Мысалы, Наурыз қарсаңындағы түні жастар малдың, айталық есектің не бұзаудың құйрығына бос шелектер байлап, қатты шу шығарған. Мұндай әрекет, сірә, жамандық пен қысты үркітіп, оны қайта оралмасын деген ниетті білдірген.

С. А. Елеманованың пікірінше, көне түркілердің түсінігінде «дұрыс» дыбыс, яғни дауыс не ән, барлық дүниелерді тесіп өтіп, нәзік әлемдердің иелеріне белгілі бір ақпаратты жеткізе алады.

Соның бір көрінісі — бір мезетте екі-үш дыбысты қатар шығаруға негізделген түркілердің көмеймен ән айту дәстүрі. Мамандар бұл құбылысты түркілердің әлемнің үш деңгейлі құрылымы туралы түсінігімен байланыстырады. Кезінде көмеймен айту дәстүрі қазақтарда да болған, бірақ оның ең айқын ізі бүгінге дейін қобыз үнінен байқалады. Қобыздың қыл ішектері шуды еске түсіретін қосымша үндер шығарып, түркілердің дыбыстық идеалын, яғни дүниенің үшқабатты моделін бейнелейді. Қобыз тек бақсыларға тән аспап саналып, оның үні емдік, қорғаныштық және өсіп-өндіруші қызметтер атқарған.

Дыбыстың осындай таңбалық табиғаты қазақ музыкасының барлық жанрларында, ғұрыптық әндерден бастап күнделікті әндерге дейін, жалпы музыкалық-поэтикалық дәстүрде көрініс тапқан.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.