Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Қоңыр дауыс

Түстік символика қазақ музыкалық мәдениетіндегі бірегей құбылыстардың бірі — «қоңыр дауыс» ұғымынан да айқын көрінеді. «Қоңыр» деп аталатын дауыс пен домбыра тембрі еуропалық классикалық музыкалық жүйедегі дыбыс тембрінің анықтамасына толық сай келе бермейді. «Қоңыр» лексемасының тура мағынасы — қоңыр түс. Алайда бұл ұғым полисемантикалық сипатқа ие болып, дыбыстық, есту арқылы қабылданатын және түстік музыкалық-эстетикалық түсініктерді өз бойына біріктіреді [18, 161-б.]. Қоңыр дауыс — обертондары мол, негізінен төмен үнге тән ерекше тембр [4, 15-б.].

Метафизикалық, яғни мәдени-философиялық деңгейде қоңыр — қазақтың дәстүрлі мәдениетінің рухын аңғартатын көп мағыналы сөз [7, 67-б.]. Әншілік мәдениетте қоңыр дегеніміз — жұмсақ, байсалды, әсем дауыс, көбіне ер адам дауысы, сондай-ақ бірқалыпты әуен. Қоңыр түс жұмсақ реңктерді, жылылықты, мейірімділікті және тартымдылықты сипаттау үшін қолданылады. Қазақтар белгілі бір құбылыстың ерекше жұмсақтығы мен жағымдылығын айқындау қажет болғанда осы түске жүгінеді: аптаптағы саялы самал жел, мамыражай жылы түн, жайлы күз және тағы басқалар. Домбыра мен қобыздың жағымды үні, әншінің жұмсақ тембрі, лирикалық әндер — мұның бәрі қазақ танымында қоңыр түспен астасып жатады [8, 33-б.]. Қоңыр түсті осылайша ұғыну тәңіршілдіктің архаикалық түсініктерімен сабақтас, мұнда төмен үннің өзі магиялық «мәтін» ретінде қабылданып, оның бастауы бәдік, арбау, дұға, заклинание тәрізді көне тәжірибелерден тарайды.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.