Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Ақтық

Ақтық — еске алу ғұрыптарында қасиетті орынға тәу етушілер әулие бейітіне қоятын, әдетте ақ түсті мақта матадан жасалған шүберек. Олар кейде бұл жердің киелі қуатымен, шипалық күшімен «дарыған» деп есептелетін, бұрынырақта басқа адамдар әкеліп қалдырған ақтықты өзімен бірге алып кетуі де мүмкін.

Ертеде ақтық марқұмның отбасына жақын туыстары сыйға тартатын үй жануарын білдірген, ал егер қайтыс болған адам би немесе төре болса, мұндай тарту ерекше мәнге ие болған. Әдетте бұл түйе, жылқы немесе қой болған. Жеткілікті қаражаты жоқ адамдар мата, кездеме сыйлай алған. Осындай ғұрыптық жүйе құрылымындағы бұл тәжірибе «сауапты», «ұлы» іс жасаудан бастап белгілі бір «айырбасқа» дейінгі кең ауқымды уәждермен түсіндірілетін, тылсым күштерге ерікті түрде тарту ұсынуды білдірген. Яғни, ақтық ғұрыптық дәнекер қызметін атқарған.

Сондай-ақ дәстүрлі мәдениетте ақтық айғыр немесе бура иесіне биені не інгенді шаптыру ақысы ретінде де берілген. Бұл жағдайда ақтық жасырын, білдірмей ұсынылған.

Ақтық мәдени белгі ретінде қолданылуының барлық саласында жағымды мағынаға ие. Бұл оның құрамындағы ақ ұғымымен де бекітіледі. Ақ — түркі дүниетанымында киелі түс, ал қазақтардың дәстүрлі танымында ол Көк аспан әлемімен сабақтас ұғым.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.