Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Бетім-ай

Терең таңданысты білдіретін, тек әйелдерге тән белгінің бірі — «Бетім-ай» деген одағай (мағыналық тұрғыдан «масқара болдым» немесе «ұят болды» деген мәнде қолданылады). Бұл сөзбен бірге өзіндік бір ишара да қатар жүреді — оң қолдың сұқ саусағымен өз бетін түрту немесе саусақты бет бойымен жоғарыдан төмен қарай жүргізу. Кейде осы сөздерді айтқанда бетінен немесе ұртынан шымшып та қояды. Бұл ишара, әдетте, ыңғайсыз, қолайсыз жағдайларда, біреудің лайықсыз қылығы, ұят ісі туралы әңгімеде және соған ұқсас сәттерде қолданылады. Бір қызығы, қырғыздарда қорқынышты, кешірім сұрауды білдіретін «Ай-бетім» деген одағай бар. Осындай ишарадағы негізгі «әрекет етуші» коммуникациялық элемент ретінде бет адамның өзін, оның ар-намысын бейнелейді.

Әлемнің көптеген архаикалық мәдениеттерінде бет адаммен мистикалық тұрғыдан байланысты оның «айнасы» ретінде қабылданған. Осыдан келіп бетті татуировкалармен әшекейлеу дәстүрі шыққан, ол, әдетте, ер адамдар үшін белгілі бір еңбегімен сіңірілетін белгі болған (мысалы, қауым намысын әртүрлі жолмен қорғау), ал әйелдер үшін ізгілікпен, тіпті белгілі бір шығармашылық дағдылармен де (мысалы, тоқымашылықпен) байланыстырылған. Осы контекске өлер алдындағы маска жасау дәстүрі де жатады — ол марқұмның символикалық алмастырушысы ретінде қабылданған, сондай-ақ шаманның бетіне күйе жағу да осы қатарда. Белгілі бір мағынада бұған қалыңдықтың «бетін ашу» рәсімі, сондай-ақ жерлеу-еске алу ғұрпындағы бет жырту әрекеті де кіреді. Бетті осындай контекстерде ұғыну қазақтың «Елдің бетіне қалай қараймын?» деген тіркесінен анық көрінеді. «Бетім-ай» ұғымын шартты-символикалық «бетті тілу», яғни адамның тұтастығы мен мәнінің бұзылуы, ар-ұяттан айырылуы ретінде түсіндіруге болады: қазақтар арсыз адам туралы «бет жоқ» дейді.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.