Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

Текемет, 1970. М. Сейтбаева

Сәнді киіз бұйымдар жиынтығы: жамылғы және жастықтар (фрагмент). • 2017 ж. Киіз, киіз басу. • Фото С. Сураганова

Жиынтық бұйым дәстүрлі текемет техникасында орындалған. Авторлық үлгіде жасалған бұл туынды дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді үндесуін танытады. Табиғи және боялған жүннен басылған екі қабатты киіз бұйымдар бұрын Қазақстанның оңтүстік-батыс және батыс өңірлерін мекендеген қазақтарға тән болған.Жапқыш төртбұрышты пішінде жасалған. Оның беткі беті ромб (шаршы) ішіне алынған дәстүрлі «төртқұлақ» өрнегімен әшекейленіп, ромб тәрізді торкөз құрайды.Бұйымның беткі бөлігінің авторлық түстік шешімі – күлгін мен қоңыр түстердің үйлесімі – астыңғы бетінің қою реңімен айқын контраст жасайды. Күлгін фонда өрнек сызықтарының айқындығы, ақ түстің тазалығы мен беттің тегіс фактурасы бұйымға салтанаттылық пен сәнділік сипат береді.Бұйым өрнек құрылымында текеметке тән дәстүрлі канондарды сақтағанымен, түс шешімі, композициясының ашықтығы және жиек өрнектерінің болмауы арқылы автордың дәстүрді жаңаша жалғастыруға деген өзіндік көзқарасын көрсетеді.