Қазақстанның дәстүрлі және қазіргі заманғы өнері

Қазақстанның көркем мұрасына виртуалды саяхат

Бұл веб-галерея Қазақстанның бай көркемдік мұрасын және қазіргі өнердегі шығармашылық бағыттардың алуан түрлілігін таныстырады. Галереяда ұлттық дәстүрлерді жалғастыратын, сондай-ақ қазіргі заманғы өнер үдерістерін көрсететін туындылар ұсынылған.

Виртуалды көрмеге ұлттық бейнелерге, рәміздерге және мәдени сюжеттерге негізделген шығармалар енгізілген. Сонымен қатар мұнда Қазақстанның мәдени мұрасын заманауи көркемдік тәсілдер, жаңа бейнелеу құралдары мен технологиялар арқылы жаңаша түсіндіретін қазіргі суретшілердің еңбектері де қамтылған.

Ұсынылған шығармалар дәстүрлі өнер мен қазіргі өнердің өзара байланысын көрсетеді. Олар ұлттық дүниетанымды, мәдени бірегейлікті және халқымыздың рухани құндылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл материалдар арқылы тарихи-мәдени мұраның қазіргі көркемдік тәжірибеде қалай жалғасып, жаңа мазмұнмен дамып жатқанын көруге болады.

Веб-галерея Қазақстанның көркем мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Оның басты мақсаты — өнер туындыларын көпшілікке қолжетімді ету, сондай-ақ кең аудиторияның отандық мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттыру.

«Мінәжат», 2019 ж

Нугербек Жанна

Бұл шығармада құлшылық етіп тұрған адамның бейнесі барынша жалпыланған әрі дараландырылған белгілерден арылған. Соның нәтижесінде мүсін архетиптік және әмбебап сипатқа ие болады. Суретші нақты адамның портреттік бейнесін егжей-тегжейлі көрсетуден саналы түрде бас тартып, көрерменнің назарын белгілі бір тұлғадан рухани мінәжат күйіне және ішкі жан дүниеге үңілу үдерісіне аударады.Шамот материалы мен қолмен мүсіндеу техникасы көркем образды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Табиғи жарықтар мен қолмен өңдеу іздері сақталған кедір-бұдыр, біркелкі емес фактура шығарманың шынайылығы мен бастапқы табиғилығын күшейтеді. Мүсіннің беткі қабаты керамиканы жасауға қатысатын екі табиғи стихия – жер мен оттың жадын сақтап тұрғандай әсер қалдырады.Түстік шешімі күйдірілген саздың табиғи жылы реңкін сақтап, шығарманың табиғилығы мен рухани мазмұнын айқындай түседі.

Дереккөз: https://focusgallery.kz