Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Сыбызғы

Құрылымдық жағынан сыбызғы ұзындығы 50–70 см болатын, 3–5 ойнау тесігі бар қамыстан жасалған түтік болып табылады. Кейінірек сыбызғыны ағаштан және металдан, дәлірек айтқанда мыстан да жасай бастаған. Алайда қандай материал қолданылса да, ауа сыртқа шығып кетпеуі үшін міндетті түрде жұқа қой немесе ешкі ішегі (өнеш) тартылған. Құрылысының қарапайымдылығы орындаудың аса күрделі техникасымен толықтырылады, онда көмеймен айту элементтері де қолданылады. Сыбызғыда: 1) тотемдік немесе киелі жануарлар мен құстар бейнелерімен байланысты, дыбысқа еліктеу бастауы үлкен орын алатын күйлер; 2) аңыздарында музыканың тікелей магиялық қызметі (тылсым күштерді, жыландарды, айдаһарларды арбау; жануарлар мен адамдарға магиялық әсер ету) туралы айтылатын күйлер орындалады [14, 38-б.]. Кейбір мәлімет берушілердің пікірінше, ертеде бытырап кеткен малды жинауға немесе жыртқыштарды үркітуге мүмкіндік беретін арнайы әуендер (күйлер) болған, бұл халықтың музыканың үйлестіруші, реттеуші күшіне деген сенімін көрсетеді.

Әлем халықтарының мифтері мен ертегілеріндегі бақташы бейнесі оның сыбызғыда ойнауымен байланысты. Ежелгі түсініктерге сәйкес, сыбызғы-флейта магиялық қасиетке ие: оның жаман күштерді «арбауға», «сиқырлауға» және көмекке ізгі күштерді, мысалы, тотемдік жануарлар мен құстарды «шақыруға» ерекше дарыны бар.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.