Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Жоқтау
Жоқтау — марқұмға арналып айтылатын ғұрыптық зарлы өлең. Бұл сөздің түбірі «жоқ» ұғымымен байланыстырылады, ол көне түркілік түсінікте жерлеу, қою мағынасын білдірген. Символдық тұрғыдан бұл зарлы өлең адамның тірілер әлемінен өлілер әлеміне өту ғұрпын белгілейді. Жоқтау марқұмның денесін үйден шығару сәтінен басталып, жерлеуден кейін көңіл айтуға келген адамдардың қатысуымен орындалады. Жоқтаудың дәстүрлі жалпы сұлбасы, яғни композициялық бірлігі, ырғағы, үйлесімі сақталғанымен, оны айтушы әйел әр жолы нақты жағдайға қарай жаңадан шығарып отырған. Сондықтан жоқтаудың тұрақты, өзгермейтін мәтіні болмаған.
Жоқтау мәтінінде марқұмның жақсы істері, игі қасиеттері міндетті түрде аталып, оның өлімі күннің батуы, жарықтың сөнуі секілді бейнелермен салыстырылған. Марқұмның жақсы қырлары мен ізгі істерін зарлы өлеңде тізіп айту — оны о дүниеге, өлілер әлеміне, ерекше тілмен, яғни жоқтау тілімен таныстыру деп қарастыруға болады. Ежелгі түсінік бойынша, мұндай зарлы өлеңдер өлілер әлеміне, аруақтар дүниесіне анық естіледі деп сенген.
Осылайша, жоқтау мәтіні, оған тән қимыл-қозғалыстар, ишаралар мен әрекеттер, мысалы шаш жаю, бетті тырнау және тағы басқалары, жерлеу-еске алу рәсімінде бір мақсатқа бағытталған. Ол — адамның өту үдерісін жеңілдету, екі әлем арасындағы шекарадан сәтті өтуін қамтамасыз ету. Бұл ретте жоқтау бір жыл бойы тек әйелдер тарапынан және күніне екі рет қана — күн шыққанда және күн батқанда орындалған. С. Ш. Аязбекованың пікірінше, жоқтаудың дәл таңертең және кешке, яғни күннің «тууы» мен «өлуі» кезінде айтылуы сакралды уақыт ұғымымен, жердегі әлем мен аспан әлемінің, аруақтар дүниесінің түйісу мезгілімен байланысты болса керек [1].
Бұл үдерістегі әйелдің айрықша рөлін С. Ш. Аязбекова әйелдің мәңгілік айналымына, жаңа өмірдің туу үдерісіне қатыстылығы туралы түсініктермен байланыстырады [1, 20-б.].
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.