Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

«Аттабан»/«Аша тұяқ»

Жылқы бейнесі — үндіеуропалық және үндіирандық мәдени кодтағы ең көне әрі ең маңызды элементтердің бірі. Ежелгі заманнан бері жылқы күннің, тіршіліктің, сонымен бірге ғұрыптық құрбандықтың нышаны саналған. Жылқы образы қазақ көшпелілерінің дүниетанымындағы негізгі, мәңгілік рәміздердің бірі болып табылады. Сондықтан ат пен жылқы қазақтың дәстүрлі мифопоэтикасында сакралды мәнге ие, онымен көптеген әдет-ғұрыптар, рәсімдер мен наным-сенімдер сабақтасып жатыр. Осыған байланысты бірнеше өрнек түрі қалыптасқан. Соның бірі — жылқы тұяғының ізіне негізделген «аттабан» өрнегі, ол «періштенің ізі» деп те аталады.

Жылқының тұяқ ізі қалған бір уыс топырақ ғұрыптық-рәсімдік тәжірибеде кеңінен қолданылған. Оны тұмар немесе емдік құрал ретінде матаға орап, баланың бесігіне салған немесе сәбиді шомылдыратын суға бір шымшым қосқан. Мұндай су шипалы деп есептелген.

Графикалық тұрғыдан бұл өрнек төрт бөлікке бөлінген сегіз қырлы медальон түрінде бейнеленеді. Мағыналық жағынан жылқы және соған қатысты өрнектер көбіне материалдық молшылықты білдіреді. Ол ер бастауымен байланысты және жағымды символикаға ие. Жылқының Күннің нышаны ретіндегі мәні сақ жауынгерінің бас киімінде, әсіресе Есік қорғанынан табылған үлгіде айқын көрінеді.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.