Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

«Қошқар мүйіз»/«Қос мүйіз»/«Сыңар мүйіз»

«Қошқар мүйіз» өрнегі бір сабақтан, яғни бір негізден тарайтын екі шиыршықтан тұрады. Бұл — графикалық нұсқалары мен атаулары сан алуан болып келетін қазақ ою-өрнегінің ең көне әрі негізгі түрлерінің бірі. Жалпы мүйіз әлемдік мәдениеттегі көне архетиптердің бірі, ежелден патшалықтың, биліктің, көсемдер мен өзге де мәртебелі тұлғалардың нышаны ретінде танылған. Әлемдік мәдениетте мүйізді құдайлық бейнелер аз емес, олардың қатарында әйел және ер кейіпкерлер де бар. Мысалы, мысырлық Хатор, гректік Амалфея және антикалық поэзияда кең таралған өзге де бейнелер. Бұл графикалық архетип күшті, құдайлық сыйды, ерлік қасиеттерді, соның ішінде ұрпақ өрбіту қабілетін, сондай-ақ жауынгерлік белгіні білдіреді. Көп жағдайда ол ер бастауымен байланыстырылады.

Мүйіз тәрізді әртүрлі шиыршық өрнектер сырмақ, текемет, алаша және басқа да тоқыма бұйымдарды әшекейлеуде кеңінен қолданылады. Қазақ мәдениетінде қошқардың мүйізі құтты, өмірлік күшті, берекені, молшылық пен игілікті білдіреді. Жалпы алғанда, бұл өрнек және оның түрлі нұсқалары дәстүрлі өнерде ежелгі қошқар культінің көрінісі ретінде қабылданады. Орталық Азия халықтарында осы культтің сарқыншақтары қошқар мүйізін аса қуатты тұмар деп танудан байқалады: қошқардың мүйізін үйдің кіреберісіне іліп қойған, ағаштан ойылған немесе жүннен басылған мүйіз пішіндерін бас киімдерге бекіткен. Халық ұғымында қошқар мүйізі тіл-көзді қайтарады деп есептелген.

Түркі халықтарының натурфилософиялық түсінігінде қошқар жұмаққа барған жалғыз жануар саналған және құрбандық шалу рәсімдерінде арнайы таңдалатын қасиетті мал ретінде қабылданған. Бұл өрнек көптеген түркі халықтарының өнерінде кең таралған.

«Қошқар мүйізден» туындайтын өрнектердің бірі — «қос мүйіз». Ол мағыналық тұрғыдан Ғалам ағашының бейнесімен байланыстырылады және қорғаныштық магияда маңызды рөл атқарған. «Қошқар мүйіздің» тағы бір туындысы — «сыңар мүйіз». Ол берекелі өмірдің, ғұрыптық құрбандықтың және материалдық молшылықтың нышаны ретінде түсіндіріледі.

Тағы бір нұсқа бойынша, «қос мүйіз» розеткасы — тіршілік атаулыға нәр беретін, тыныштық пен үйлесім күйіндегі жердің рәміздік бейнесі. Мұндай мағына бұл өрнекке шаруашылықтың көшпелі түріне ауысудан бұрын-ақ тән болған.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.