Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
«Түйетабан»/«Өркеш»/«Ботамойын»/«Ботакөз»
Түйе бейнесі Орталық Азия халықтарының архаикалық дәстүрінде кең таралған нышандардың біріне айналып, көне көшпелілердің дүниетанымын, зоомифологиясын және ғарыш туралы түсініктерін терең бейнелейді. Тарихтың әртүрлі кезеңдерінде түйе әрқилы мағыналарды иеленген: патшалық, хандық биліктің белгісі, бастапқы аталық бастау, тәңірлік күнтізбедегі барлық жануарлардың бірлігі, пайғамбардың, абыздың, сопының мініс көлігі, әлем жаратылысы жолында құрбандыққа шалынатын жоғарғы жануар, адамның ата-бабалар әлеміне бастайтын жолсерігі. Оның қандай бейнесі болмасын, қазақтардың Табиғат пен Адамның тұтастығы туралы космогониялық түсініктерін танытады.
Түйе тақырыбына байланысты өрнектер де ғарыштық мәнді, байлықты, өміршеңдік бастауды, төзімділікті, шыдамдылықты, қуатты, табандылықты және еңбекті білдіреді. Бір нұсқа бойынша, «түйетабан» өрнегі алыс жолды меңзейді және ол жүк артылатын ерге, сондай-ақ керуеннің ұзақ сапарына қажетті басқа да бұйымдарға салынған.
Сол сияқты «өркеш» өрнегі де кең таралған. Ол — түйе өркешінің көркем-бейнелік көрінісі. Табиғи болмысында түйе өркеші қорек қорын жинайтын орын болғандықтан, бұл қасиет оның көркемдік мәнінде де, сәндік қолданысында да көрініс тапқан.
Қазақтарда бота бейнесінен туындаған «ботамойын», «ботакөз» секілді өрнектер де жиі кездеседі. Біріншісі мойнын бұрып жатқан ботаның бейнесін елестетсе, екіншісі ортасында қарашығы бар дөңгелек түсірілген ромб түрінде беріледі. Тоқыма бұйымдар композициясындағы жіңішке ирек сызықтар «бота тірсек» деп аталады. Бұл өрнектер алғашында ғұрыптық мәнге ие болып, дәстүрлі безендіруде кең қолданылған.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.