Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
«Төртқұлақ»
Айқышқа не айқыш тәрізді бейнеге қатысты әртүрлі мотивтер әлемдік мәдениетте ең жиі кездесетін, солярлық белгілер қатарына жататын өрнектердің бірі болып саналады. Солардың ішіндегі ең көне әрі кең таралған түрі — крест пен свастика, ал осы пішіннің тең қабырғалы нұсқасын мамандар тәңіршілдіктің белгісі деп таниды.
Крест Үндістан, Грекия, Шығыс Еуропа кеңістігіндегі, Балтық жағалауынан Балқанға дейінгі тарихи жәдігерлерден кездеседі. Ол кең ауқымды символдық мағыналарға ие.
Қазақтың «төртқұлақ» өрнегі геометриялық пішін болып табылады, оның негізінде айқыш бейнесі жатады. Ал төрт тармағы, әдетте, өсімдік тектес, геометриялық немесе зооморфтық элементтерден құралады.
Болжам бойынша, қазақ мәдениетінде бұл өрнек дүниенің төрт бұрышын, сондай-ақ төрт түпнегізді, яғни жер, ауа, от және суды білдіреді. Бұл өрнек көбіне кілемнің орталық бөлігін толтыруда, сәулет ескерткіштерін безендіруде және зергерлік өнерде қолданылады. Төртқұлақ өрнегі түкті кілемдердің ортаңғы алаңында қосмүйіз өрнектерінен құралған айқыш түрінде беріліп, тұрақтылықты, мызғымастықты және жер бетіндегі өмірдің молшылығын бейнелейді. Ал сәулет өнерінде, мысалы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде, және зергерлік бұйымдарда ол әлемнің төрт негізінің бірлігін білдіреді деп түсіндіріледі.
Сонымен қатар бұл өрнектің әртүрлі нұсқалары да кездеседі. Мәселен, сағат тіліне қарсы айналатын свастика о дүниенің белгісі саналса, сағат тілі бағытымен айналатын свастика жердегі тіршіліктің нышаны ретінде қабылданады.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.