Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

«Жылан»/«Жыланбас»/«Жыланбауыр»

Жылан бейнесі әлемдік мәдениетте әртүрлі мағынада түсіндіріледі, ал түркі мифопоэтикалық дәстүрінде ерекше орын алып, даналықты, құпия білімді, ұзақ өмірді және жасампаздық бастауын білдіреді. Оның бейнесі су стихиясымен байланысты және әлем моделіндегі негізгі кейіпкерлердің бірі ретінде қабылданады. Жыланға табыну әлем халықтарының көбінде кездеседі.

Сонымен қатар жылан «төменгі әлемнің» өкілі ретінде де танылады және өлілер дүниесімен байланыстырылып қарастырылады. Жылан бейнелері Орталық Азия мен Оңтүстік Сібірдің неолит және қола дәуірлеріне жататын петроглифтерінде жиі ұшырасады. Бурят, моңғол және басқа да халықтардың шамандық тәжірибелерінде де жылан айқын көрініс табады. Жыланның магиялық қырлары көп: ол қорғаныш күш, әлемдер арасындағы дәнекер және тасымалдаушы, емдік қуат иесі, бәрін білуші, дана, кекшіл рух ретінде сипатталады.

Қазақтар жыланды сан алуан қасиеттермен байланыстырған: ол құпия білім мен магияның иесі, қамқоршы әрі көмекші деп танылған. Жыланға деген ерекше көзқарас «Жылан-баба», яғни «арғы текті жылан» немесе «Жылан-ана» туралы дәстүрлі түсініктерден байқалады. Мысалы, Жылан-Бабахан, Жылан-Бапыхан секілді атаулар соны аңғартады. Этнографиялық деректер бойынша, қазақтарда жылан бақсылар мен емшілердің көмекшісі ретінде қабылданған. Онымен мәңгілік өмір туралы түсініктер де байланыстырылған.

Осы магиялық мәніне байланысты жылан бейнесі қолданбалы өнерде кең таралған өрнекке айналған. Ол тоқыма бұйымдарды және зергерлік заттарды безендіруде жиі қолданылған.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.