Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Шекелік

Самайға тағылатын салпыншақ әшекейлер археологиялық деректер көрсеткендей, әйелдердің ең көне әшекей түрлерінің бірі болып табылады. Олар түрлі нұсқада бүкіл Еуразия аумағында кең таралған. Мұндай әшекейлер металдан, моншақтан немесе осы материалдардың үйлесімінен жасалған. Қазақтың шекелігі тігінен созылыңқы бірнеше бөліктен тұратын әшекей бұйым болып келеді. Шекеліктер үшбұрыш, ромб, жүрек тәрізді, гүл күлтесіне ұқсас және тізбектеле жалғанған өзге де пластиналар түрінде жасалады. Олар қыздың бас киіміне немесе шашына бекітіледі.

Самай әшекейлері көп жағдайда үйлену тойының толық жиынтығына енген. Кейбір зерттеушілер самайға тағылатын әшекейлер құлақ әшекейлерінің қорғаныштық қызметін қайталайды деп есептейді. Мысалы, хакас әйелдерінің самай әшекейлеріне маржан моншақтар, күміс тиындар тағылып, жібек шашақтармен безендірілген. Көне түркілердің түсінігінде маржан моншақтардың ішінде Ұмай ана балалар жанының ұрығын сақтайды деп сенген. Қарақалпақ және қазақ сәукелесінің сәнінде маржанның мол қолданылуы осыған байланысты түсіндіріледі. Сірә, түркі халықтарының самай әшекейлерінің тік пішіні мәңгі жеміс беріп, гүлдеп тұратын Ғалам ағашы тұжырымын бейнелейді. Ал самай, яғни қазақша шеке, халықтық мәдениетте өте осал әрі қорғанышты қажет ететін аймақ саналған. Сондықтан оған тағылатын әшекей-тұмарларға ерекше мән берілген.

Самай сүйегінің киелі мәнін қазақтың «шекеге шақыру» дәстүрінен де байқауға болады. Оның мәні — жасы үлкен адамдарды, әдетте ата-анамен қатарлас кісілерді қонақ етіп, олардың батасын алу. Мұндай астың міндетті белгісі ретінде жылқының немесе сиырдың мұрын тұсы алынған жарты басы тартылады. Шеке беру дәстүрі аруақтарға тағзым ету ғұрпының бір көрінісі деп есептеледі.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.