Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Жүзік

Жүзік тұйық шеңбер ретінде тұтастық пен бірліктің нышаны болып саналады. Мұны түркі халықтарындағы оның атауының өзі де айқындайды — жүзік. Лингвист Е. Н. Жанпейісов [5] бірқатар деректерді талдау негізінде «жүзік» және «жүз» сөздерінің төркінін рулық бірлестіктің ең жоғарғы сатысын білдіретін ұғыммен байланыстырады.

Түркі мәдениетінде әйелдер мен ерлерге арналған жүзіктің алуан түрі мен пішіні болған. Әйелдердің жүзік тағуы міндетті саналған, өйткені ол күшті тұмар ретінде қабылданған. Күміс жүзік тақпаған қолмен дайындалған ас «таза емес» деп есептелген. Этнографтардың көрсетуінше, жүзіктер әйелдің белгілі бір ру-тайпалық бірлестікке жататынын, жасын және әлеуметтік жағдайын аңғартқан.

Қазақ жүзіктерінің мазмұндық жағынан айрықша мәнге ие түрлерінің қатарына «құс тұмсық» және «құдағи жүзік» жатады. «Құс тұмсық» қыздарға арналған әшекейлердің бірі болған. Этнографиялық деректер бойынша, мұндай жүзікті таққан қыздың басы бос, яғни әлі атастырылмағаны белгілі болған. Құс түркі мәдениетінде ежелден еркіндіктің нышаны саналады. Сонымен қатар бұл жүзіктің бейнесі әйел-құс Ұмай немесе Хумай образымен де сабақтас болуы мүмкін. Зерттеуші Т. А. Кишқашбаеваның пікірінше, «құс тұмсық бейнеленген жүзіктерде өркендеу идеясы көрініс тапқан, өйткені құс қазақ мәдениетінде еркіндік пен бақыттың, ізгі күштердің белгісі болып табылады. Мұндай жүзік жорыққа аттанған жігітке сыйға тартылғанда, оның мағынасы бәріне түсінікті болған: аман-есен елге оралу» [6, 121-б.].

Қыз жүзіктерінің түрлері оларды тағу тәртібін де айқындаған. Бір түрі тек ортаңғы саусаққа, мысалы ата-анасынан айырылған қызға тағылса, екіншісі аты жоқ саусаққа тағылған. Әйелдерге жүзікті ортаңғы саусаққа тағуға қатаң тыйым салынған, өйткені халық сенімі бойынша, мұндай жағдайда туыстарының бірі қайтыс болады деп түсінілген.

Халық арасында «құдағи жүзік» деп аталатын жүзік — екі саусаққа қатар тағылатын көлемді әшекей. Оны, әдетте, қалыңдықтың ата-анасы болашақ енесіне сыйлаған. Бұл жүзік екі бастау мен екі отбасының, екі рудың қосылуын білдірген. Осындай көлемді құдағи жүзік хакастарда да болған, олар оны «чустук» деп атаған.

Ер адамдар мәдениетінде жүзіктердің әрі практикалық, әрі мәртебелік қызметі болған. Мысалы, садақшы жауынгерлер садақтың адырнасын тартқанда қолын қажап алмау үшін бас бармағына жүзік таққан. Қазақтарда «тамшы тәрізді пішін билеуші элитаға тән болса, қасиетті әулет — қожалар домалақ мөрлі жүзіктер таққан, ал старшындар мен батырлардың саусақтарында сопақ, алмұрт тәрізді және шаршы пішінді жүзіктер болған» [6, 118-б.]. Түрікмендерде жүзікті сакралды кеңістікпен байланысты ерекше кәсіп иелері — шаштараздар, қасапшылар және мәйіт жуушылар таққан.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.