Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Кимешек
Бұл бас киім бас пен иықты түгел жауып, артқы жағынан дененің көп бөлігін бүркеп тұрады. Халық арасында ол аналық пен даналықтың нышаны ретінде бейнелі түрде сипатталады, өйткені оны тек тұрмысқа шыққан әйелдер ғана киген. Зерттеушілердің пікірінше, кимешектің он алтыдан астам түрі мен нұсқасы болған. Ол ақ түсті мақта матадан тігілген. Әйел неғұрлым жас болса, соғұрлым оның кимешегі бай өрнектелген. Әшекейлеуге зер жіп, шашақ, маржан моншақтар, ызба, позумент, күміс әшекейлер қолданылған. Бұлардың барлығы құнарлылық, өсіп-өркендеу, бақытты өмір идеяларын білдіріп қана қоймай, қорғаныштық тұмар және дұғалық-тілектік мағына жүктеген бейнелік белгілер ретінде де қызмет атқарған.
Жасы ұлғайған сайын бас киімнің сән-салтанаты азайып, безендірілуі қарапайымдала түскен. Ал күйеуі қайтыс болған әйел аза тұтудың алғашқы жылында кимешекті әшекейлері көрінбес үшін теріс киіп жүрген. Егер ертеректегі кезеңдерде бұл бас киім әйелді бала туу жасында тылсым әсерден, магиялық зияннан сақтау идеясымен байланысты болса, кейінгі жаста ол даналықтың, өмірлік тәжірибенің және құрметтің белгісіне айналған. Яғни кимешектің пішіні, түрі мен әшекейі тек эстетикалық және қорғаныштық қызмет атқарып қана қоймай, жас ерекшелігін де білдіретін нышан болған.
Әдетте әр әйелге жаңа кимешек тігілген. Оны жаңа түскен келінге алғаш кигізу рәсімі әйелдердің қонақасы беруімен бірге өткен. Оған әулет пен рудың үлкен әйелдері, ене және басқа да туысқандар қатысқан. Бұл бас киім мұра ретінде тек көп балалы, бақытты ғұмыр кешкен анадан ғана беріліп отырған, өйткені соны киген әйел де сондай өмір мен берекеге ие болады деген сенім болған.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.