Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Сәукеле
Бұл бас киім ең көне, архаикалық үлгілердің қатарына жатады. Оның Қазақстан аумағында болғанын дәлелдейтін ең ерте археологиялық айғақтардың бірі — әйгілі Есік қорғанынан табылған «Алтын адам». Сәукеле — қыздың ғұрыптық үйлену киімінің ажырамас бөлігі. Оны қыздың әкесі сыйға тартқан және ол қалыңдық жасауының маңызды құрамына енген. Осылайша сәукеле қыздың өтпелі мәртебесін, яғни әйел, болашақ ана ретіндегі жаңа орнын айқындаған.
Ғалымдардың реконструкциясы бойынша, сәукеленің желкелік қалағы қоса тігілген конус тәрізді пішіні, оның бұл бөлігі де аса бай безендірілетін болған, Ғалам тауын, яғни Жоғарғы, Ортаңғы және Төменгі дүниені біріктіретін әлем моделін білдіреді. Әрбір сәукеленің әшекей композициясы өзінше бірегей әрі қайталанбас болғанымен, оның безендірілуі тұрақты рәміздерге негізделіп, белгілі бір семиотикалық кеңістікті құраған. Көбіне «қасиетті өмір ағашы», «қошқар мүйіз» секілді өрнек-рәміздер кездеседі. Сонымен қатар бас киімге түрлі пішіндегі және әртүрлі көлемдегі күміс немесе алтын жалатылған салпыншақтар мен қаптырмалар тағылған. Қазақ түсінігінде күмістің қорғаныш күші бар деп есептелген, ал маржан, інжу, ақық секілді тастар иесін тіл-көзден, сұқтан және басқа да жамандықтан сақтайды деп сенген.
Әлемнің түрлі музейлерінде сақталған көне қазақ сәукелелері бір жыл бойы шеберлердің қолымен жасалған бірегей өнер туындылары ретінде бағаланады. Қыз бұл бас киімді үйлену рәсімінен бастап тұңғышы туғанға дейін кие алған, ал кейін ол ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, отбасының қастерлі мұрасы ретінде сақталған.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.