Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Шапан

Қазақтың ерекше әрі қымбат сырт киімдерінің қатарында шапан айрықша орын алады. Ол бүгінгі күнге дейін сый-сияпат алмасу дәстүрінің белсенді қатысушысы болып келеді. Қазақ мәдениетінде біреуге шапан жабу ғұрыптық-рәсімдік мәнге ие. Мысалы, бір жағдайда ол құрметтің белгісі болса, екінші жағдайда өнерді, талантты мойындауды білдіреді, яғни ақынға, балуанға және басқа да адамдарға жабылуы мүмкін. Үшінші жағдайда «шеге-шапан» бастапқы неке келісімін бекіту мақсатында берілген. Кейде шапан сыйлау өз кінәсін жуып-шаюды да білдірген, мұны «ат-шапан айып» деген дәстүрлі тіркес те аңғартады.

Жалпы алғанда, шапан — ерлер де, әйелдер де киген ең кең таралған киім түрлерінің бірі. Ол әртүрлі матадан, жұқа да қалың маталардан, алуан түсті болып тігілген. Бұл — жасқа да, жынысқа да қарамай, жастардан бастап үлкен кісілерге дейін қыста да, жазда да киілетін әмбебап киім.

Егде жастағы адамдардың шапаны көбіне біртүсті, қарапайымдау және қоюлау реңкті болған. Ал үйлену тойына арналған шапанның символдық жүгі ерекше еді. Ол негізінен зооморфтық элементтермен ұштасқан бай өсімдік тектес өрнектермен әсемделген. Кестеленетін оюлардың сипаты мен шапанның түсі аймақтық ерекшеліктерге қарай өзгеріп отырған. Дегенмен оның жалпы сәндік жүйесі құнарлылықты, бақытты, байлықты және игілікті өмірді тілеу мағынасында түсіндірілген.

Қазақ ақсүйектерінің шапандары матасының сапасымен, сәндік өрнегімен және әрлеу байлығымен ерекшеленген. Мұндағы ою-өрнек аса нәзік, талғампаз болып, көбіне ағаш тәрізді көп нұсқалы бейнеде орындалған. Мұндай шапандар барқыттан немесе қызыл түстің әртүрлі реңктеріндегі қармазин шұғасынан тігілген. Мысалы, қызыл күрең, алқызыл, терракот, таңқурай түстес реңктер қолданылған. Бұл түстер иесінің әлеуметтік мәртебесін айқындай түскен.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.