Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Дастарқан
Қазақ мәдениетінің жарқын нышандарының бірі — киіз үйдің дәл ортасына жайылатын аласа аяқты дәстүрлі дөңгелек дастарқан. Оның шеңбер пішіні күннің, яғни тіршілік көзінің бейнесі ретінде қабылданып, отбасының, рудың, халықтың бірлігін білдірген. Дастарқан сакралды мәнге ие: оған құрметсіздік көрсетуге қатаң тыйым салынған; дастарқан басында бірге ас ішу адамдардың жақындасуын, достық және сыйластық қатынастың орнауын білдіреді [4, 156-б.]. Қазақ дәстүрінде дастарқан ошақпен, босағамен және шаңырақпен қатар киелі ұғымдардың бірі саналған, сондықтан оны қорлауға жол берілмеген. Мәселен, ұсынылған астан бас тартуға болмайды, дастарқанды аттап өтуге де тыйым салынған. Дастарқан басында қонақтарды отырғызудың да өзіндік тәртібі болған: онда туыстық жақындық, жас ерекшелігі және әлеуметтік мәртебе ескерілген. Сонымен қатар дастарқан басында әдеп нормалары қатаң сақталған: үлкендерден бұрын асқа қол созуға, шулауға және жөнсіз мінез көрсетуге болмайтын болған. Дастарқанның мәні халықтың дәстүрлі ізгі тілектерінен де айқын көрінеді: «Дастарханың бай болсын, қазан-ошағың май болсын, төрт түлігің сай болсын, көңілің толып жай болсын!». Бұл тілек мол дастарқанды, береке-бірлікті және бақытты өмірді аңғартады.
Ғұрыптық дәстүрде дастарқан — рухтарға, Жаратқанға жалбарынатын, аруақтарға арнап ас берілетін қасиетті орын. Сондықтан рәсімдік, әсіресе еске алу асына неғұрлым көп адамның қатысып, дастарқаннан дәм татуы құпталған.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.