Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Ошақ/Қазан

Ошақ — тұрғын кеңістіктің семантикалық орталығы, отбасы амандығының нышаны. Мұнда ас дайындалады, қасиетті Отқа — ошақ иесіне құрбандық шалынады. Бұл қазақтардың үйлену ғұрпына кіретін «Отқа май құю» рәсімінен көрінеді. Күйеу жігіттің үйіне алғаш түскен келін ошақтағы отқа ерітілген май құйған, ал сол жерде отырған әйелдер: «От-ана, Май-ана, жарылқа» деп айтқан. Ошақты қастерлеу отты киелі күш ретінде танудан бастау алады, оның ізі қазақ мәдениетінің басқа да элементтерінде байқалады, мысалы, күлді баспау тыйымынан көрінеді.

Ошақтың өмірмен байланысын марқұмды жоқтау кезінде әйелдердің ошаққа арқасын беріп, киіз үйдің керегесіне қарап тұруынан да аңғаруға болады. Осылайша олар сакралды орталықты өлімнен, о дүниелік күштің әсерінен қорғаған. Ең ауыр қарғыстардың бірі: «Ошақтағы отың сөнсін» деген сөздерде көрініс тапқан.

Ошақпен мағыналық тұрғыдан қазан да тығыз байланысты, ал ол түркі мәдениетінде аса маңызды нышан болып табылады. Қазанның сакралдануы — жалпыадамзаттық құбылыс. Онымен молшылық, өмір ыдысы туралы түсінік сабақтасады, ол таусылмайтын тіршілік көзі, жаңару мен қайта түлеудің белгісі, өзгерту күшінің бейнесі ретінде қабылданады.

Қазанның мифтік-ғұрыптық мәртебесі сақ мәдениетінен-ақ байқалады, ол құдайлық атрибут ретінде танылған. Көптеген археологиялық материалдарды талдау металл қазанның «жоғары әлеуметтік дәрежедегі өкілдердің символы», «асыраушы мен ру, тайпа басшысының белгісі», «билік нышаны» болғанын көрсетеді [2, 115-б.]. Мәселен, халық сенімі бойынша жеті асыл металдың қоспасынан жасалған Түркістандағы Тайқазан бүгінге дейін береке мен бақтың қасиетті символы ретінде құрметтеледі.

Күнделікті өмірде қазақтар қазанды төңкеріп қоюға тыйым салған. Мұндай әрекет жағымсыз белгі ретінде қабылданып, өмірдің аяқталуын, қасіретті, яғни тіршілік көзінің таусылуын білдірген. Қазан қасиетті атрибут, ырыс-берекенің нышаны болғандықтан, ол ешқашан бос тұрмауы керек деп есептелген. Оның түбінде ең болмағанда бір қасық май қалдырылған, бұл үйдегі тоқшылықтың белгісі саналған. Осы түсінік үйге айтылатын мынадай тілекпен сабақтас: «Қазан-ошағыңнан құт кетпесін!» [6, 25-б.]. Қазан мұра ретінде тек ер адам жағынан беріліп отырған. Егер оны уақытша біреуге берсе, бос қайтаруға болмайтын немесе құлағына ақ шүберек байлап қайтарған. Ақ мата ыдысты, яғни үйдің ырыс-дәулетін қорғайды деп сенген.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.