Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Сандық

Киіз үй интерьерінде сандық ерекше орын алған.

Ш. Ж. Тохтабаеваның пікірінше, сандық секілді кез келген ыдыс-қаптар мен сақтайтын бұйымдар «әйел болмысына тән кеңістік, ішкі қуыс ретінде ұғынылған» [6, 265-б.]. Бұл түсінік қазақтардың босану ғұрыптарынан да көрінеді: толғақ басталғанда босану жеңіл болсын деген ниетпен сандықтардың бетін ашқан.

Әртүрлі көлемдегі сандықтар төсек-орын жабдықтарымен бірге киіз үйдің ең құрметті орны — төрге қойылған. Олар қазақ келінінің жасауындағы міндетті бұйымдардың бірі болған, әрі оған салынатын дүние үйлену тойынан көп бұрын жинала бастаған. Үйлену сандығы көптеген халықтардың ғұрыптарында да көрініс табады. Мысалы, мордва халқында сандықты даярлау рәсімі болған: әуелі оны шырақпен, тұзбен және басқа да заттармен «жын-шайтаннан тазартып», содан кейін түбіне ақша, тағам, ыдыс-аяқ салған. Бұл «сандық өмір бойы бос болмасын, жас жұбайлар бай тұрсын» деген тілекпен жасалған. Осыған ұқсас қызметті үйлену сандығы славян халықтарында да атқарған. Н. Н. Гончарованың пікірінше, орыс үйлену сандықтары ғибраттық не астарлы мазмұндағы көріністерді, фольклорлық архаика желілерін, библиялық сюжеттерді, әртүрлі рәміздер мен эмблемаларды, өсімдік тектес ою-өрнектерді бейнелейтін көркем таңбалармен нақышталған [1].

Қазақ қалыңдығының сандығы «сандық ашар» ғұрпында негізгі нысандардың бірі саналады. Бұл рәсімде қалыңдықтың жасауы көрсетіліп, қатысқан әйелдерге міндетті түрде жыртыс — мата қиындылары таратылады. Мұндағы жыртыс салтанатты оқиғаға ортақтасуды, сондай қуаныштың әр шаңырақта да болуын білдіретін нышан қызметін атқарады.

Қазақтарда сандықтар атқаратын қызметіне қарай әртүрлі көлемде жасалған. Тіпті бергі кезеңдерге дейін қазақ әйелдері сандықтарында қымбат маталарды, салтанатты киімдерді, күміс бұйымдарды және өзге де бағалы заттарды сақтаған. Сандықтың сакралды сипатын дәстүрлі бата-тілектен де байқауға болады: «Сандық күміске тола берсін!» Бұл тілек береке мен молшылықты, сондай-ақ отбасы үшін құнды мұраның мәнін білдірген. Сандық белгілі бір күштің де — жағымды не жағымсыз — «сақтаушысы» ретінде қабылданған. Түркі халықтарының фольклорында мұндай мысалдар көп кездеседі: «Нарты» батырлық эпосының бір нұсқасында дәудің қылышы қара сандықта сақталатыны айтылса, басқа эпостарда тағдыр кітабы алтын сандықтың ішінде сақталатыны жөніндегі сарындар ұшырасады.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.