Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары
Шаңырақ
Шаңырақ — ер адам жағынан ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған отбасылық реликвия, әулет жалғастығының нышаны. Кіші немесе жалғыз ұлды «шаңырақ иесі» деп атайды. Киіз үйді тіккен кезде шаңырақты тек ер адам, яғни үй иесі, отбасы әкесі көтерген, ал қалған жұмыстың бәрін әйелдер атқарған. Егер әулеттегі соңғы ер адам қайтыс болса, оның бейітіне шаңырақ орнатылған, бұл сол тармақтың аяқталғанын білдірген.
М. Қ. Егизбаева [3] шаңырақтың ерекше сакралдануын оның көне түркілердің екі маңызды культімен — Тәңір және ата-баба культімен байланысымен түсіндіреді. Қазақтар әкенің үйін «қара шаңырақ» деп атайды, оның мағынасы — көне, үлкен, негізгі үй.
«Шаңырақ» сөзінің этимологиясы туралы бірізді пікір жоқ. Бір нұсқа бойынша, алғашқы буын — «шан» — үнді-ирандық «сан» немесе «сон» сөзінен шығып, «күн» дегенді білдіреді. Бұл жорамал шаңырақтың өз құрылымымен де үндеседі: шеңбер ішіне орналасқан крест — күннің ең көне визуалдық белгілерінің бірі.
Шаңырақ — салт-дәстүрлер мен ғұрыптардың белсенді қатысушысы. Әсіресе, босану салтында оның маңызы ерекше. Нәрестелер жиі шетіней берген жағдайда, баланың жолдасын жеті қара таспен бірге ақ киізге орап, шаңыраққа іліп қойған. Ал босану сәтті өткен кезде шаңыраққа таяқшаға тізілген қойдың мойын омыртқаларын ілген. Қазақ ұғымында босану кезінде албасты мен қарақұс секілді жын-перілер шаңыраққа отырып, сәбидің жанын алып кетуге ыңғайлы сәтті күтеді деп есептелген. Бәлкім, осындай түсініктердің негізінде шаңырақтың күмбез шеңберін түрлі түсті жүн баулармен, шашақтармен, яғни аяқбаумен безендіру дәстүрі туған болар. Шаңырақ, табалдырық сияқты, осал тұс саналған, өйткені ол сыртқы әлеммен тікелей шектесіп, «өз» бен «бөгденің» арасындағы шекара іспетті қабылданған.
Қазақтардың босану ғұрыптары мен мифологиялық түсініктерін талдай отырып, Н. Ж. Шаханова [9] шаңырақты әйел жатырымен, өмір тудырушы бастауымен теңестіреді. Ал толғатып жатқан әйелді жын-шайтаннан қорғау үшін шаңырақ тұсына қазақ танымында киелі саналатын құс — бүркітті ұстаған.
Шаңырақта екі бастау — еркектік және әйелдік негіздің тоғысуы дәстүрлі символиканың көпмағыналылығын тағы да айқындай түседі. Бүгінгі күнге дейін халық тілінде шаңыраққа байланысты көптеген фразеологизмдер кең қолданылады: жас жұбайлар туралы «шаңырақ көтерді» дейді, ал бата-тілекте «шаңырақтарың биік болсын!» деп айтады.
ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.
Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.
Алматы: КазНИИК, 2023.