Қысқаша энциклопедия Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандары

Металдар

Алтын
Алтынның әлемдік мәдениеттегі символикасы көпқырлы: христиандықта ол жұмақ нұры мен қасиетті әлемнің белгісі болса, грек және рим мифологиясында «алтын ғасыр» ең жақсы, ең бақытты кезеңді білдіреді. Ежелден адамдар алтынды Күннің өзінен жаралған, яғни солярлық металл, ауа стихиясымен және ер бастауымен байланысты деп түсінген.

Сақ дәуірінде алтын Күннің сакралды патшалығы идеясын көркем түрде білдіретін басты нышанға айналды, өйткені көне түсінік бойынша Күннің өзі — Патша. Бұған Қазақстан аумағынан табылған сақтардың аң стиліндегі көптеген археологиялық жәдігерлер дәлел бола алады: Есік, Берел, Талды және басқа да қорымдардан табылған көсемдер жерлеулеріндегі бұйымдар соны айғақтайды. Ежелгі көшпелілер алтынмен тікелей байланысқа түсу, яғни киімдегі алтын әшекейлер арқылы, адамды Күннің қуатына — құдайлық күшке және мәңгілікке жақындатады деп сенген. Әлемнің үшқабатты құрылымында алтын Жоғарғы әлемнің белгісі болса, көлденең жүйеде шығыс пен күннің шығуын білдірген.

Алтын таза, рухани қуатты бейнелеген. Сондықтан маңызды заттар мен рәміздер не тұтас алтыннан жасалуы, не болмаса кемінде алтынмен әшекейленуі тиіс болған. Сақтардың аң стиліндегі алтын тек қымбат материал ғана емес, үндіирандық және үндіеуропалық мәдени дәстүрлерге тән философиялық-эстетикалық ұстанымдарды да білдірген. Киелі металл ретінде алтын мифологиялық сананың заттық көрінісіне айналып, онда мәңгілік идеясы негізгі ұғымдардың бірі болған. Кейін бұл түсінік түркі дәстүрінде де кең көрініс тапты. Түркі мифопоэтикасында «алтын» ұғымы, өзге металдар сияқты, ғарыштық аймақтарды және олардың иелерін жіктейтін әмбебап белгі қызметін атқарған, ең алдымен Күн нышанымен байланыстырылған. Сондықтан алтын жоғары әлеуметтік мәртебені, билікті, байлықты білдіріп, Шыңғыс әулеті өкілдерінің киіміндегі айрықша белгіге айналған. Алтын Орда дәуірінен бастап хандар, сұлтандар және өзге де ақсүйектер ерекше мерекелерде алтын жіппен зерленген киім киген. Мамандардың пікірінше, Алтын Орда кезеңіндегі кең мәдени байланыстар XIII–XIV ғасырларда Жошы ұлысы аумағында алтын жіппен кестелеу өнерінің дамуына ықпал етіп, кейін ол қазақ ақсүйектерінің өзіндік айрықша белгісіне айналған.

Қазақтарда алтынға деген құрмет бүгінге дейін сақталған. Бұл әсіресе балаға ат қою дәстүрінен айқын көрінеді: Алтын, Алтыншаш, Алтынай, Алтынгүл, Алтынбек, Алтынхан және т.б. Сонымен қатар алтын ұзақ уақыт бойы үйлену салттарындағы сый-сияпат алмасу дәстүрінің ең құнды затының бірі болып келді.

Алтынның сакралды сипаты тұрақты сөз тіркестерінде де сақталған: «сабырдың түбі — сары алтын», «алтын ұя», «алтын орда», «алтын сөз» және т.б.

Бір қызығы, қазақтың «зергер» сөзі парсының «зер-зар» деген сөзінен шыққан, оның мағынасы — «алтын».

Күміс
Түркі мәдениетінде аспандық символикаға ие металдардың бірі — күміс. Алтыннан айырмашылығы, күміс көбіне әйел затына тән металл деп танылған. Бір жағынан, ол аймен, ай сәулесімен және әйелдік бастауымен мағыналық тұрғыдан байланысты болса, екінші жағынан, Төменгі әлемнің, түннің, өлімнің белгісі ретінде қабылданған. Яғни алтын мен күміс бинарлық қарама-қарсылық жүйесінде күндік/айлық, күндізгі/түнгі, еркектік/әйелдік, ұрықтандырушы/тудырушы бастау ретінде ұғынылады.

Әлемдік мәдениетте күміс сезім мен махаббаттың металы, таза металл әрі әйелдік жұмсақтықтың, икемділіктің, интуиция мен даналықтың белгісі ретінде танылады. Сонымен қатар ол ақ шашпен, кәрілікпен және даналықпен де астасады. «Күміс» сөзі Авеста мәтіндерінде де жиі ұшырасады, онда ол хаома дайындау рәсімдерімен, тазарту ғұрыптарымен байланыстырылады және «жарқырау» ұғымымен сабақтасады. Күмістің сумен байланысы гидронимдер құрамында да көрініс табады, яғни күміс су стихиясының семантикалық көрсеткіші ретінде танылады.

Күміс — қазақ зергерлерінің ең сүйікті металдарының бірі. Оның кең таралуы тазартушы, қорғаныштық және магиялық қасиеттерімен түсіндіріледі. Күміс — барлық металдардың ішіндегі ең ақ түстісі. Сонымен бірге оның зергерлік өнерде кең қолданылуына мүмкіндік беретін технологиялық артықшылықтары да мол: созылғыш, иілгіш, жұмсақ болғандықтан, ол жақсы жылтыратылады, кесіледі, жұқа табақшаға айналдырылады және жіңішке сым етіп созылады. Яғни ол зергердің кез келген көркемдік ойын жүзеге асыруға қолайлы.

Қазақтарда бұл металдың түсі мен жылтыры ай сәулесімен, әйелдік бастауымен байланыстырылып, ол қасиетті аспан өзенін — Құс жолын бейнелейтін асыл металл деп есептелген.

Күміс өмірлік циклге қатысты ғұрыптардың белсенді қатысушысы болған. Мысалы, нәрестені қырық күн толғанда күміс жүзік пен күміс тиын салынған суға шомылдырып, «Баланың күні күмістей жарық болсын!» деп тілек айтқан. Күмістің тазартушы қасиеті «алтын — сәндікке, күміс — тазалыққа» деген дәстүрлі сөзден де көрінеді. Бұл тіркес алтынның сұлулық үшін, ал күмістің тазалық үшін қажет екенін білдіреді. Халық түсінігінде күміс әшекейлер әйел бойындағы жағымсыз ықпалдарды бейтараптандырып, оның дайындаған асын тазартады деп сенген.

Қазақтардың күміске деген ықыласы бала ат қою дәстүрінен де байқалады: Күміс, Күмісай, Күмісбала және т.б. Сонымен бірге күміс қазақтың дыбыстық-эстетикалық танымынан да орын алған. Мұны «күмбірлеген күміс күй» деген тіркестен көруге болады. Ал әнші не күйші туралы ерекше шеберлігін білдіріп, «күміс көмей, жез таңдай» деп айтқан.

Жез
Жез — мыс. Ол өңдеуге жеңілдігі, суықтай соғуға икемділігі және басқа да технологиялық артықшылықтарының арқасында ежелгі дәуірден кең таралып, тұтас бір тарихи кезеңнің — мыс дәуірінің — сипатын айқындады. Мысқа магиялық және тылсым қасиеттер телінген: ол жаман және арам күштерден қорғайтын, махаббат магиясында көмекші болатын металл деп түсінілген.

Ежелгі замандарда бұл металл мәдени және экономикалық тұрғыдан да зор мәнге ие болып, сауда мен айырбас құралы қызметін атқарған. Әлемдік мәдениетте мыс символдық жағынан Венера ғаламшарының жердегі баламасы ретінде танылады. Қазақ мәдениетінде мыс екі түрлі атаумен беріледі: «мыс» және «жез». Қазақ танымында мыс әйел бейнесіндегі демонологиялық кейіпкерлермен де байланыстырылған. Мысалы, Мыстан кемпір, Жезтырнақ, Жезтұмсық секілді образдар соны аңғартады. Ерте алтай эпостарында да мыс дабыл туралы айтылады, оның иесі — кәрі бақсы әйел. Тәжік бақсы әйелдері де зікір салу кезінде тек мыс ыдыстарды, яғни табақ, құмыра, кесе секілді бұйымдарды пайдаланған. Сірә, мыстың әйел бейнелерімен және әйел бақсылығымен байланысы металдың жер астынан алынуымен, оны от арқылы өңдеумен, құнарлылық ұғымымен сабақтас болса керек.

Сонымен қатар қазақ мәдениетінде мыс сұлулық ұғымымен де байланысты. Бұл, шамасы, металдың асыл реңкі мен жарқылына қатысты болса керек. Оның түсі қызыл ретінде қабылданған. Сұлулықты сипаттауда жез киік, жез кірпік, жез қанат, жезтаңдай секілді тіркестер қолданылған. Мұндай бейнелі сөз орамдары қазақ фольклорында жиі кездеседі.

Қорғасын
Қорғасын адамзаттың мәдени қалыптасуымен ең ерте дәуірлерден бірге жасасып келеді. Авесталық, ведалық және өзге де көне мәдени дәстүрлерде қорғасын алтын, күміс, темір, қола не мыс, қалайы және сынаппен бірге металдардың «алхимиялық жетілігін» құраған. Бәлкім, қорғасынның алтын, күміс, мыс және темір дәуірлеріне дейінгі кезеңнен жеткен өзіндік «сарқыншағы» оның натурфилософия мен мифопоэтикада тылсым, көмескі, бірақ айрықша магиялық қуатқа ие металл ретінде қабылдануына негіз болған шығар.

Бұл металл Батыс және Оңтүстік Сібір халықтарының культтік бұйымдарын жасауда кеңінен қолданылған. Ертеректе Обь өңірінің угорлары, хантылар мен мансылар қорғасыннан рух-қамқоршылардың мүсіндерін құйған. Олар көбіне пұтқа ұқсас ер адам бейнесінде, бұғы, бұлан, қасқыр және басқа да жануарлар түрінде жасалған. Ата-баба культінің немесе қорғаушы бейненің заттық көрінісі «қорғасын» сөзінің өзінен де байқалады. Бұл атау барлық түркі тілдерінде ортақ «қорғаушы» мағынасымен сабақтас: қазақтарда — қорғасын, қырғыздарда — коргошун, башқұрттарда — ҡурғаш, түріктерде — kurşun, өзбектерде — қўрғошин.

Түркі мәдениетінде қорғасынның басты қызметі — адам жанын қорғау, ауру рухын көшіруге болатын алмастырушы, егіз бейне қызметін атқару. Қазақ бақсылары күні бүгінге дейін қорғасын құю арқылы емдеу тәсілін қолданады. Бұл кезде алдын ала сұйық күйге дейін қыздырылған қорғасын адамның басының үстінде тұрған суы бар ыдысқа құйылады. Соның нәтижесінде пайда болған әртүрлі пішіндерге қарап науқастың жағдайы анықталады. Бұл ғұрыптың негізінде адамды меңдеген жаман рухтың қорғасынға «ауысып кетеді» деген түсінік жатыр.

Encyclopedia More Item

ШайгОзова Ж.Н., Наурзбаева А. Б.

Краткая энциклопедия знаков и символов казахской культуры.

Алматы: КазНИИК, 2023.