Төле бидің туғанына 350 жыл

6784

Төле Әлібекұлы (1663 – 1756) 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы Шу өңірінде туған. Ұлы жүздегі дулат тайпасының жаныс руынан. Қазақтың қоғам қайраткері, шешен, Ұлы жүздің бас биі, "Жеті жарғыны" жасаушылардың бірі. Әлібекұлы Төле бидің атасы Құдайберді би Есім хан мен Тұрсын хан егесі кезінде Есім ханды қолдаған (Қазыбек бек Тауасарұлының "Түп-тұқияннан өзіме дейін" кітабынан). Яғни Есім хан тұсындағы, халық аузында "Есім ханның ескі жолы" атанып кеткен қазақ халқының заңдар жинағын құрастыруға қатысқан билердің бірі деп айтуға толық негіз бар. Өз заманында Қазақ хандығының тұтастығы үшін күрескен қайраткер. Төле би өз халқының шешендік-поэтикалық өнерінің дәстүрлерін жастайынан бойына сіңіріп өскен, зерделі, сауатты адам болған. 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиналысына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнері арқасында таныла бастайды.

Төле би Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп көтеруге, үш жүздің ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп, бірегей қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатынасты. Тәуке хан Төле биді Ұлы жүздің бас биі еткен. Төле би Қазыбек бимен және Әйтеке бимен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын Жеті жарғының қабылдануына атсалысты. Ордабасы жиыны кезінде Төле би басшылық жасап, жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйтқы болды.

Төле би хан, сұлтандардың, бектер мен билердің өзара қырқысының ұлт тәуелсіздігі мен бостандығына ешнәрсе бермейтіндігін сезініп, татулықты жақтады. Оны елге танымал “Елге бай құт емес, би құт” дейтін қанатты сөзі айқын аңғартады.

Ұлы жүз ханы Жолбарыс өлгеннен кейін Төле би алты жыл бойы Ташкентті басқарған.

Ол 1756 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Леңгір ауданы аумағында болған Ақбұрхан ордада өмірден озды. Ташкенттегі Қарлығаш бидің кесенесінде жерленген.

wikipedia.kz

partial()->view->headLink()->appendStylesheet('/css/social-likes.css') ?> headScript()->appendFile('/js/social-likes.min.js') ?>