1966 жылдың 8 тамызында Қытай коммунистік партиясының Орталық комитетінің 11 отырысы «Ұлы пролетарлардың мәдениет төңкерісі туралы қаулыны» қабылдады. Мұны жер шарындағы халық ең көп қоныстанған мемлекеттің жүздеген миллион адамын қамтыған ғаламшар тарихындағы ең ірі жаппай әлеуметтік-революциялық қозғалыстың басталуы деуге әбден болады.
ХХ ғасырдың 60-70 жылдары Мау Зедунның портретін Қытайдан ғана емес, Париждегі бүлікші студенттердің қолынан да, Латын Америкасы партизандарының зат салғыш сөмкелерінен де табуға болатын еді. Ол тіпті батыс интеллектуалдарының кабинеттері мен байға қарсы шыққан үнді шаруасының лашығында ілініп тұратын.
«Мәдени революция» құбылыстары жер жүзіндегі өзгерісті қалаған бүкіл адамға әсер етпей қоймады. Бұл оқиғалар әлемнің барлық еліне жетіп жатты. Себебі мұндай революция бұрын соңды болмаған еді.
Мәдени революция жоғары және орта партия бюрократтарын құлатуды мақсат тұтты. 1949 жылы, бірнеше жылдық азаматтық соғыстан кейін Гоминдан ұлттық қозғалысы режимінің орнына коммунистер келді. Олар ауыл шаруашылық реформасын жүргізіп, кедейлерге жер телімдерін берді, сауда және өндірістік кәсіпорындарды ұлтшылдандырды. Коммунистердің бұл саясатының арқасында бірнеше жылдың ішінде ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай нәтиже беріп, 1949 жылға дейін тұралап қалған өнеркәсіптер қарқынды дами бастады.
1966 жылы партияны бюрократтардан, тұрақсыздардан, мансапқорлардан тазалайтын жаңа революцияның идеясы пайда болады. Бірақ ең беделді көсемнің өзі себепсіз революция бастай алмайды. Халық керек, тобыр керек, осы өзгерістерді қолдайтын топ керек. Оған өзінің жақсы тұрмысын, тіпті өмірін құрбан ететін адамдар керек болатын. 60-шы жылдары Қытайдан мұндай адамдар табылды.
1966 жылдың маусымында Пекиннің барлық университеттерінің студенттері оқу орындарының партиялық және әкімшілік мекемелеріне қарсы шықты. Қарсылық әр түрлі формада болатын. Бастапқыда бейбіт түрде басталған күрес (дацзыбо ілу, митингтер) кейіннен партия басшыларына күш көрсетуге ұласты. Басшылар митингтерге қатысуға мәжбүр болды. Ол жерде оларды контрреволюционер деп айыптап, мойындарына қорлаған жазулар іліп қойды. Студенттер партком бөлмелеріне, ЖОО әкімшіліктеріне басып кіріп, басшылықтағы қызметкерлерді көшеге сүйреп шығаруға көшеді.
Студенттердің белсенділігі мен революцияны қорғауға дайындығын көрген Мао мен басқа да Қытай компартиясы мүшелері революцияның осы кезеңінде білім алып жатқан жастарды пайдалануға көшті. Бұл революция Парижде өз жалғасын тапты. 1968 жылы Париж стундеттері үшін Мао тірі құдайға айналды. Еуропаның солақай студенттері жеңіліс тапса, Қытайдағы студенттер кәдімгідей нәтижеге қол жеткізді.
2 жылдың ішінде, яғни 1966-1968 жылдары Орталық комитеттің 90 мүшесінің 70-і қудалауға ұшырады. Кейіннен Дэн Сяопин бұл мәдени революцияға «ең қатал әскери-фашистік диктатура» деген ат берді. Күшпен жүргізілген реформалардың соңында оның алдындағы саяси жүйе өмір сүруін тоқтатты. Қайта құру мен тазалау салдарынан партия мен үкіметтің біраз бөлігі қирап, партияның мазмұны өзгеріске түсті...