Өзбекәлі Жәнібеков 28 тамыз 1931 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымының кандидаты. Абай атындағы Қазақ педагогигалық институтын (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) бітірген (1952 жыл).
Еңбек жолы бұрын болған, бүгінде жоқ, Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданынан басталған. Пионер жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі, сынып жетекшісі, мектептің бастауыш жастар ұйымының жетекшісі, аудандық жастар ұйымының хатшысы, екінші, бірінші хатшысы… Балаларға жақын болыпты, күй талғамапты, уақытын аямай, бала бақытын аялауға барын салған, сабақтан тыс уақытта тал ектірген, мектеп айналасы, ауыл-аймақты жасыл желекке көмкерген.
Кейін аудандық комсомол коммитетінің 1-хатшысы, Шымкент облысының комсомол коммитетінің хатшысы, Қазақстан АКЖО ОК-нің 1-хатшысы, хатшысы, Қазақстан компартиясы Торғай облысы коммитетінің хатшысы, Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы қызметтерін атқарды.
Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. 20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген “Арқас” қоғамы құрылды. Жәнібеков «Шертер», «Адырна», «Алтынай», т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды.
«Наурыз» мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Алматы облысының тарихи ескерткіштерін қайта түлетіп, қазақы үйлер музей ретінде бас көтеруіне, рухтың оянуына себепші болды. Өзбекәлі Жәнібековтың мұрындық болуымен Жамбылдың ұстазы Сүйінбайға, шәкірті Үмбетәліге музей ашылып, мәдени кешенге айналды.
Қазақтың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібеков «Қазақтың ұлттық қол өнері» (1982), «Жаңғырық» (1991), «Уақыт керуені» (1992), «Жолайрықта» (1996), «Қазақ киімі» (1996), «Ежелгі Отырар» (1997), «Тағдыр тағылымы» кітаптарының авторы. 2-3 мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.