185 жыл бұрын ұлы орыс жазушысы, драматург ТОЛСТОЙ Лев Николаевич (1828-1910) дүниеге келді.
Ресейдің Тула облысында туған. Қазан университетінің әуелі шығыстану, кейін заң факультеттерінде оқыған. Ол ағылшын, француз, неміс тілдерін еркін меңгеріп, чех, поляк, серб, итальян, грек, латын, украин, татар тілдерін білген, қосымша ежелгі еврей, түрік, голланд, болгар тілдерін оқыған. 1851-1853 жылдары Кавказ соғысына қатысып, 1856 жылға дейін сонда әскери қызмет атқарады. Қызметінен босаған соң Германия, Франция, Швейцария елдерін аралайды. 1859 жылы Ясная Полянада қарапайым шаруалардың балаларына арнап мектеп ашып, сонымен қатар сол маңайдағы жиырма шақты мектептің ашылуына көмектесті. 1862 жылы «Ясная Поляна» атты педагогикалық журнал шығара бастайды.
«Кешегі күннің тарихы», «Помещиктің таңғы тірлігі» әңгімелерінің, «Балалық», «Ересектік», «Севастополь әңгімелері» автобиографиялық трилогияның, «Казактар», «Альберт», «Тәубаға келу», «Мен дінге қалай сенемін?», «Иван Ильичтің өлімі», «Крейцер сонатасы», «Пері», «Қажымұрат», «Жалған қағаз», «Балдан кейін» повестерінің, «Отбасы бақыты», «Орыс помещигінің таңғы тірлігі», «Арылу» романдарының, «Соғыс және бейбітшілік», «Мың сегіз жүз бесінші жыл» роман-эпопеяларының, «Әліппе», «Жаңа әліппе» еңбектерінің, «Анна Каренина» психологиялық романының, «Қараңғылықтың өкімі», «Тірі өлік» драмасының, «Тәрбие жемістері» комедиясының авторы.
Т.Манн ол туралы «Гете және Толстой» атты көлемді зерттеу еңбек жазған. М.Горький «Лев Толстой» очеркінде Толстой өмірін жан-жақты суреттеген. Толстой еңбектері Абай мен Шәкәрім шығармашылықтарына әсер еткен. Шәкәрім Толстойдың «Ассирия патшасы Асархадон», «Үш сауал» шығармаларын қазақ тіліне еркін аударған. Қазақ тілінде Толстойдың «Анна Каренина», «Арылу», «Соғыс пен бейбитшілік» шығармалары жарық көрген.
«Анна» орденімен, медальдармен марапатталған.