Мары велаятының әкімшілік орталығы Мары қаласында (Түрікменстан) «Мары – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылуы өтті.
Салтанатты шараның өткізілетін орны болып таңдалған Рухыет Сарайының алдында түрікмен ауылы жасалды. Бұл жерде киіз үйлер құрылып, шебер қолөнершілердің бұйымдары, дәстүрлі қолөнер кәсіптері, ұлттық киімдер мен табиғи тастар, кілемдер, керамикалық және зергерлік бұйымдар, халық музыкалық аспаптары халық назарына ұсынылған көрме және мерекелік концерт, қаланың тарихына арналған «Taryha jan berýän, eziz Arkadag» әдеби-музыкалық қойылым ұйымдастырылды.
Кешке қатысқан қонақтардың арасында ТҮРКСОЙ, ТИКА ұйымдарының өкілдері, түрікмен Мәжілісінің депутаттары, Мәдениет министрлігінің басшылары мен қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, Түркі мәдениеті халықаралық ұйымына мүше-мемлекеттердің шығармашылық интеллигенциясы, журналисттер, студент жастар болды.
Қонақтарға арналған құттықтау хатында Түрікменстанның Президенті шара қонақтарына қош келдіңіздер деп, жалпы адамзат тарихындағы көне Мерв қаласының үлесі туралы сөз еткен болатын. Көне Мерв – қазіргі Мары қаласы - ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне кіреді.
ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дюсен Қасейінов өз сөзінде ұйымдастырылып жатқан шара үшін Гурбангулы Бердымухамедовке алғысын білдіріп, Түрікмен елбасының түркі халықтарының мәдениеті мен өнерінің сақталып, насихатталуына үлесін тигізіп жатқан мемлекеттер арасындағы конструктивті сұхбаттың дамуы үшін қосқан еңбегін ерекше айтып өтті.
«Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы түркі халықтары мәдениетінің мүмкіндіктерін ашуға, олардың мұраларына назар аударуға негізделген.
по материалам: mk.gov.kz