ҚР Тұңғыш Президентінің музейінде «Ғасырлардың алтын өрнегі» көрмесі ашылды

04.02.2015 09:22 1489

4 ақпан, 2015. Астана. Бүгін  ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде шығармашыл жастардың XV Республикалық «Жігер»  фестивалі сыйлығының иегері, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының ұлттық «Ажар» сыйлығының иегері, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Айжан Әбдубаиттің «Ғасырлардың алтын өрнегі» атты жеке көрмесі ашылды.

Көрме Музейдің серіктестік жобасы аясында қазақтардың сәндік-қолданбалы өнерінің көне дәстүрлері мен тарихи артефактілерғе жаңа өмір беретін автордың шығармашылығын ауқымды көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы тек жылнамалар мен аңыздарда ғана емес, сонымен бірге, шебер зергерлердің жасаған алтын өрнектерінде де сақталып қалған.

Айжан Әбдубаит шығармашылығы бірегей. Ол тарих қойнауында қалған ғасырлардың киімдері мен тұрмысын қалпына келтіреді және қайта жаңғыртады. Көне «Зерлеу» техникасымен ол той және ұлттық киімдерді, тұрмыс заттарын жасайды. «Зерлеу» әдісімен жұмыс жасайтын шеберлер дәстүрі – ол ғасырлар қойнауынан жеткен таңдаулылардың қайта туған дегдар өнері, қазақ халқының мәдени мұрасы.

 «Өз қолыңмен бірегей зат жасау үшін, оған дейін жасалғанның шыңына жету керек» - деген сөздермен А. Әбдубаит өзінің шығармашылығын сипаттап берді. Айжан қазақтың ұмыт болған ұлттық сәндік-қолданбалы өнерінің түрлері мен жанрларын тырнақтап жинайтын  зерттеушіге айналды.

А. Әбдубаит жұмыстары ҚР Мемлекеттік Орталық музейі, ҚР Тұңғыш Президентінің Музейі, Қазақстанның облыстық музейлері жинақтарында сақталған.

по материалам: mk.gov.kz