Қостанайға алғаш табан тіреген адамның көзіне бірден түсетіні – қаланың тазалығы. Көшедегі тәртіп, жылыұшырай кететін адамдар, қол ұстасқан жастар... және еліміздің әр қаласынан мұншама ескі ғимаратты таба алмайтыныңыз анық. Бұл – алғашқы қазақ романы «Қалың малды» жазған Спандияр Көбеевтің, әйгілі актер Елубай Өмірзақовтардың туған жері.
Жалпы, Қостанайды мәдени «ояу» қала деуге болады. Мұнда филармония, галерея, екі бірдей театр, Мәдениет үйі мен Шығармашылық үйі, бірнеше мұражай жұмыс істеп тұр. Әсіресе жақында ғана реконструкциядан өткен Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық мұражайды атап өтуге болады. Мұражай кешенінің бір бөлігі Алтынсарин дәуіріндегі мектептердің көшірмесі іспеттес болса, тағы бір бөлігінде «Қонақжай киіз үй» атты көрмеден қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті жөнінде дәрістер тыңдауға болады. Ең құнды коллекциялар – Алтынсарин кітабының түпнұсқасы, ағартушының және оның немересі Нағима Алтынсаринаның жеке заттары екен.
Біздік жолсапарымыз кезінде Қосатанайда бірнеше мәдени оқиға өтіп жатты. Соның бірі облыстық өлкетану мұражайында өткен «Techno роботы» көрмесі. Оның экспонаттары не істей алмайды десеңізші. Көрме таныстырушысы Денис Юннің айтуынша, жиырмаға жуық интеллектуалды робот осымен Қазақстанның тоғыз қаласында көрсетіліп жатқан көрінеді. Бұл көрме әсіресе балаларға қызық болды. Олар ән салатын Элвис Пресли мен атысшабыста алдына жан салмайтын сарбаздарға таңғалып қана қоймай, мұндай роботтарды қалай жасауға және оған қайдан үйренуге болатынын сұрап жатты...
Облыстың Мәдени паспортын құрастыру мақсатымен сапарлап келген бізді Мәдениет басқармасының қызметкерлері жылы қабақ танытып қарсы алып, Төлқұжатты құрастыруға қажетті мәліметтердің бәрін ұсынды. Қостанай облысының Мәдени төлқұжатымен біздің сайтымызда кейінірек таныса аласыздар, ал әзірге назарларыңызға іссапарымыздың фотоесебін ұсынамыз.
Фотолардың жалғасы http://cultural.kz/ru/gallery/view?id=11