18 ақпан, 2015. Қызылорда қаласында спорт саласы бойынша жаттықтырушы-оқытушы және әдіскерлердің біліктілігін арттыруға арналған республикалық семинар өтуде. Үш күнге созылатын шараға Қызылорда қаласы мен аймақтардан 300-ге жуық жаттықтырушылар қатысып жатыр.
Семинарда сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев, мұндай біліктілік арттыру семинарының спорт саласы мамандарының білімділігі мен біліктілігін арттыруда маңызы зор екендігін айтып өтті. Елімізде спорт саласы қарқынды дамуы Елбасының спортқа деген қолдауының арқасында екендігіне тоқтала кетті.
Қызылорда өңірінде бұрын-соңды болмаған «Мұз айдыны» спорт кешені, теннис орталығы, әр аудан орталықтарында, елді мекендерде пайдалануға берілген, құрылысы жүргізіліп жатқан спорттық-сауықтыру кешендері - Елбасының Жолдауынан туындаған бағыттар ретімен жүзеге асырылуда, — деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, семинар барысында ұлттық олимпиадалық комитеттің вице-президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Құлназаров республикада қазіргі бұқаралық спорттың жай-күйі, Қазақстанда спортшылардың жоғары біліктілігін арттыру және спорт резервтерін дайындаудың мәселелері туралы баяндаса, Украина ұлттық академиясының академигі Владимир Платонов қазіргі спорттық жаттығудың кезеңге бөлінуі және Олимпиада ойындарына спортшыларды дайындаудың қазіргі жүйесі тақырыбында дәріс оқып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Шараға қатысып жатқан білікті мамандар салаға қатысты тақырыптарда теориялық дәрістер оқып, практикалық сабақтар жүргізетін болады. Семинар соңында сала мамандарына арнайы сертификаттар табысталады.
по материалам: mk.gov.kz