Бағзы заманнан әлем өркениеті тарихына айналған, кезінде үш бірдей астана: бірі – Оғыздың басы болған – Жанкент, Жошының тасы қонған – Ақорда, үшіншісі – халқымыздың асыл ордасы – Ақмешіт – бүгінгі ұрпақтың мақтанышы. Тарих деректеріне сүйенсек, арыда Батыс пен Шығыс мәдениетінің арасында маңызды сауда желісі Ұлы Жібек жолы торабы, бес ғасыр бұрын аты аңызға айналған Тұмар ханшайым, Қорқыт баба, Асан қайғы, Оқшы әулие, Әйтеке мен Бала билер ғұмыр кешкен, Жанқожа, Бұхарбай, Жалаңтөс Баһадүрдей батырлар дүбірлеткен, беріде Мұстафа Шоқайұлы, Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Нартай мен Нұртуғандарды, Сыр өлкесінің үш алыбы – Әбілдә, Қалтай, Әбдіжәміл, Роза мен Мәдинадай ән еркелерін түлеткен Сыр топырағы қашанда киелі.
"Сыр елі – Алаштың Анасы". Бұл Елбасының бағасы! Тамыры тереңнен тартқан құтты орда, Алаш анасына сәлем беріп, Қызылорда облысына мәдени өмір төлқұжатын дайындау мақсатында жол тарттық. Тәуелсіздік тұсында қаймағы бұзылмаған қазақы өңірдің дәстүр-салты бүгінде одан әрі құлаш жайып, тамырлай түскендігін аңғардық. Жері бай, жусан-жыңғыл жоталы сұлу Сырдың кең даласындағы исі бұрқыраған жидесі мен құмының көрпесі тәріздес жусаның бойға қуат сыйлайды. Сыр өңіріне барған әрбір азамат қызылордалықтардың бойынан екінің бірінде кездесе бермейтін қонақжайлылық пен қарапайымдылықты аңғарады. Аға буынның кішіге деген сыйластығы, жалынды жастарының отаншылдығы бойға қуаныш ұялатады. Десе де, мәдени дәстүрге деген құрмет одан әрі күшейе түссе дейсіз.
Биыл Қызылордада облыстың құрылғанына 70 жыл, облыс орталығының ірге көтергеніне 190 жыл толуына байланысты орда жұрты түрлі мерекелік шараларды ұйымдастыру үстінде екен. Арнайы тапсырма бойынша ат басын тіреген Ержан Ахметұлы басшылығындағы облыстық мәдениет басқармасы Фирдоусидің дүлділ ақын Т.Ізтілеуовтің аудармасындағы теңдесі жоқ «Шаһнама» дастанының аудиоэнциклопедиялық нұсқасын жасауды қолға алып, қазіргі уақыт бірқатар жұмыстар атқаруда.
Т.Ізтілеуұлы аударған бұл аса көлемді эпопеяның 34911 жолының толық нұсқасын жырлап, үнтаспаға жазу үшін Сыр өңірінің таңдаулы 22 жыршысы іріктеліп, олардың дауыстары түгелдей студияда жазылған.
Заманауи технологиялық құралдар арқылы өскелең ұрпақтың көкірегіне жауһар жырларды ендіріп, халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келген мәдени мұрасын аудиокітаптар арқылы насихаттауды мақсат еткен бұл жобаның сараптамалық комиссиясы құрылып, 2013 жылдың сәуір-тамыз айлары аралығында бірнеше рет комиссия отырыстары өткен.
Басқарма қызметкерлері – Қойшығұлова А.Қ., Ешпанова Р. көмегімен облысқа қатысты мәдени өмір дәйектерін жинап, тарихи мұраға бай фото тізбелерін алып қайттық. Сыр сапарынан жинақтаған іссапарымыздың қысқаша көрінісін Институт атынан сайт қонақтарына ұсынбақпыз.
Суреттер толығырақ: http://cultural.kz/ru/gallery/view?id=12