25 ақпан, 2015. Алматы. Бүгін «Алматы – ислам мәдениетінің астанасы-2015» Халықаралық конференцияның жұмысы аяқталды. Конференцияның жабылуында Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Алматы қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Рузанна Бектұрсынова, Алматы қаласы дін істері департаментінің директоры Нұржан Жапарқұл шара қатысушыларына алғыс сөз сөйлеген болатын.
Ғ. Шойкин бұл конференцияны өткізу «Алматы – ислам мәдениетінің астанасы» Жылының ашылуына бастау салғандығын айтып өтті. 2015 жыл бойы мұсылман мемлекеттерінің рухани дамуы мен дін және қоғам саласында бірігуіне арналған шаралар өтетін болады.
Шетелдік және отандық қатысушылар екі күнге созылған конференция туралы сөз етті. Ұйымдастырушыларға арнап алғысын «Нұр-Мүбәрәк» ислам мәдениетінің Египет университетінің ректоры Абдель Гани Басиюни, Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі, Мұсылмандар рухани басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Дамир Ваисұлы Мухетдинов, тарих ғылымдарының докторы, Ресей ғылым академиясының Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Наиля Ермұханқызы Бекмаханова, РҒА шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Ниязи Азиз Шавқатұлы және Алматы қаласының Бас имамы Нұрбек Қажы білдірген болатын.
Қазақстандағы Египет Елшілігінің мәдениет және білім істері бойынша атташесі Хамдан Ибрагимнің сөзіне қарағанда, бұндай конференциялардың өтуі ислам әлемі мемлекеттерінің бірігуі мен жақындай түсуіне септігін тигізетін мемлекеттер арасындағы қатынастарға жағымды әсер етеді.
Сонымен қатар ол Египет 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқықтарын алуда Алматы қаласының кандидатурасын толықтай қолдайтындығын айтты. «Менің елім Қысқы Олимпиада ойындары-2022 астанасын сайлауда Алматы қаласы үшін дауыс беретіндігіне сенімдімін», - деді Хамдан Ибрагим.
Қорытынды отырыстың нәтижесі бойынша конференция қатысушылары Қазақстан Республикасы мен Елбасының қоғамдар мен мемлекеттердің мәдениет аралық, дін аралық және конфессия аралық келісімін нығайтуға, ислам мәдениеті мен дәстүрлерінің негізі болып табылатын жалпы адамзаттық құндылықтардың белсендірілуіне қосқан үлесін ерекше меңзеп, бұл салалар бойынша екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарды одан әрі қарай дамыту мен күшейту керектігіне келісті.